Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша түйткілді мәселелер талқыланды

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша түйткілді мәселелер талқыланды

Бүгін аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Нұрмұхамед Омарұлы Бохаев қоғамдық кеңес отырысына қатысып, аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдармен көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы хабарлама жасады.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз хабарламасында көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің электронды форматқа көшірілуін арттыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бірден бір себеп екендігіне тоқталды. Қазіргі таңда мобильді қосымшалардағы бағдарламалар арқылы қызметтерді пайдалану, әсіресе, елді мекен тұрғындары үшін интернет желісінің жылдамдығы аздығынан немесе жоқтығынан кедергі болуда. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет түрлерін тұрғындарға түсіндірумен айналысатын мамандардың жұмыс бабында жиі орын ауыстыруы сынды түйткілді мәселелерді де айтып өтті.

Атап өтейік, 2020 жылдың 10 айында тұрғындарға барлығы 25841қызмет көрсетілген.
Оның ішінде: мемлекеттік орган арқылы 9 066, мемлекеттік корпорация арқылы 3 105, электронды үкімет порталы арқылы 13 670 қызмет көрсетілді. Өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда биыл мемлекеттік орган арқылы көрсетілген қызметтердің үлесі 61 пайыздан 35 пайызға, мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген қызмет 12,8 пайыздан 12 пайызға азайып отыр. Ал электронды үкімет порталы арқылы көрсетілген қызмет керісінше 26 пайыздан 53 пайызға ұлғайған.
Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ауданға қарасты 2 кент, 21 ауылдық округ әкімі аппараттарында, аудандық мәдениет үйі мен аудандық орталық кітапханада, аудандық жастар ресурстық орталығында және 45 мектепте ашылып, «e-gov» электронды порталы арқылы қызметтер алуға жағдай жасалған.

Қазан айында ауылдық округтердегі өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарына смарт карталарға арналған картридер және веб-камера алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда 19 ауылдық округ тиісті құрылғыларды алды.

Бүгінде тұрғындар үшін электронды қызмет түрлерін пайдаланудың тиімділігі зор. Олар мекеме алдында кезектілікте тұрмай, уақытын үнемдеп, үйде отырып та тегін қызмет түрлерін пайдалана алады. Осы орайда, цифрландыру бағыты бойынша электронды жүйенің тиімді тұстарын тұрғындарға насихаттап, сауаттылығын арттыру үшін жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, келер жылы ұялы байланыс қызметі қосылатын 16 елді мекен тұрғындарын аудан орталығына келмей-ақ, қызмет түрлерін мобильді қосымша арқылы алуды кезең-кезеңімен үйрету, электронды қызметті пайдалану деңгейін арттыру үшін арнaйы іс-шара жоспары бекітілген.

Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимаратында орналасқан аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік жасалып, «Сервистік әкімдік» Open space режимінде жұмыс жасауда. Аталған орталық сервистік қызмет көрсету мақсатында ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Орталықта күту залы мен реттеу залы, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары және электрондық кезектілік жүйесімен жасақталған. Реттеу залында 7 маман 11 қызмет түрін көрсетеді.
Бұл жұмыстар келесі жылы жалғасын табатын болады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

12 желтоқсан 2020 ж. 621 0