Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: Сол жағалауда тұрғын үй мен жаңа көпір пайдалануға берілді

Қызылорда: Сол жағалауда тұрғын үй мен жаңа көпір пайдалануға берілді

Бүгін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыс орталығының сол жағалауындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 2 тұрғын үйдің кілтін табыстау және Шіркейлі каналы үстінен салынған көпірдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Алдымен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа пәтер кілтін табыстап, тұрғындарға құттықтауын жеткізді.
«Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңіз білесіздер, әлемде орын алған пандемия тұрмыс-тіршілігімізге көптеген өзгерістер әкелді. Сындарлы сәтте аймағымызда құрылыс жұмыстары тоқтамай, қарқынды жүргізілді. Жыл басынан бері қаламызда 580 пәтерді құрайтын 15 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі пәтер иелерін қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа баспаналарыңыз татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын!, – деді облыс әкімі.
Шарада тұрғындар атынан № 140 мектептің мұғалімі Галина Омарова берілген мүмкіндік үшін аймақ басшысына алғысын жеткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов батасын берді.Жаңа 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Жоба құны 961,4 млн. теңгені құрайды. Мердігер мекемелер – «Аман-Құрылыс» және «Сәт-Сервис» ЖШС.
Айта кетейік, биылғы жылы облыста барлық қаржыландыру көздерінен 1 946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 1 741 пәтерлік 38 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Келер жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан тағы 725 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталады деп жоспарлануда. 2021 жылы СПМК-70 тұрғын ауданы бойынша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Одан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шіркейлі каналының үстінен салынған көпірдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, жаңа көпірдің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
«Бүгін, мереке қарсаңында Сырдария өзенінің сол жағалауын Шіркейлі арнасы арқылы халықаралық автодәлізбен қосатын автомобиль көпірі пайдалануға берілгелі отыр. Сәні мен салтанаты жарасқан Сол жағалаудағы бұл көпір облыс тұрғындарының алтын уақытын үнемдеп, барынша қуантатын маңызды нысан болатыны сөзсіз. Бүгінгі көпірді пайдалануға беру арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын оң тенденция арттыратын боламыз», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, салтанатты шарада облыстың жол саласы бойынша ассоциациясының президенті, «Құрмет» орденінің иегері Өмірбек Шәменов ізгі ниетін жеткізді.
«Қызылорда қаласының Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігінде «Шіркейлі» арнасы арқылы көпір салу» жобасының құны – 599 млн. теңге. Көпір ұзындығы – 81,8 метр, қозғалыс жолағының саны – 4 дана. Қозғалыс жолағының ені – 3,75 метр.
Көпір «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «Сервис НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жыл ішінде аяқтап шықты. Сондай-ақ, құны 2,5 млрд. теңге, ұзындығы 5 километрді құрайтын сол жағалаудағы үлкен жол да мәресіне жеткен.
«Қызылорда қаласындағы Сырдария өзені арқылы салынған Ғ. Мұратбаев көшесіндегі автомобиль көпірінен республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолына қосылатын жалпықалалық маңызы бар магистралды көше құрылысы» жобасының бас мердігері – «Қыран» ЖШС. Құрылыс ұзындығы – 4,934 км, қозғалыс жолағының саны – 4 дана. Тротуар ені – 3 метрді құрайды.
Сонымен қатар жиында ағымдағы жылы жүзеге асырылып бастаған «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бас көше жолының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автотрассасымен жанасатын жерінде көлік айрығын салу» жобасы таныстырылды.
Жобаның құны 4 274,941 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер «Bazis Construction» ЖШС. 2020 жылға республикалық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жоба бойынша 2 дана эстакада қарастырылған. Бір эстакадада 12 тіреуден тұрады, әр тіреуде 10 темірбетонды свайдан орналасқан. Қозғалыс жолағының ені – 7 метр, тротуар ені – 1,5 метр болады деп күтілуде.

kyzylorda-news.kz​​​
29 желтоқсан 2020 ж. 651 0