Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық 100 отбасы баспаналы болды

Қызылордалық 100 отбасы баспаналы болды

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға берді.

Қызылордалық 100 отбасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында баспаналы болды.
Өңір басшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспанаға ие болған 100 тұрғынға пәтер кілтін табыстап, қоныс тойымен құттықтады. Бүгінгі баспана алушылар қатарында құқық қорғау саласының өкілдері мен әскери қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет саласының мамандары бар.
Баспаналы болған тұрғынның бірі жас маман Саида Мәжит. Білім саласында қызмет ететін Саида мерейлі мереке қарсаңында қуанышы еселеніп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға пәтер иелері атынан алғысын білдірді.
Бүгін пайдалануға берілген тұрғын үйдің құрылысын «Дәнекер» және «Авангард» ЖШС жүргізген. Соңғы жылдары қала бойынша 15-тен аса тұрғын үйдің құрылысын сапалы жүргізген «Дәнекер» ЖШС-ның атқарушы директоры Жоламан Спанов «Құрылыс жұмыстарына тек отандық өнімдер пайдаланылды, - делінген хабарламада.
Салтанатты шара аясында баспана иелеріне лебізін жеткізген облыс әкімі Қызылорда қаласында ағымдағы жылы 580 пәтерді құрайтын 13 тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтып, жыл аяғына дейін қаламызда тағы 720 пәтер пайдалануға берілетінін жеткізді.
Соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, қала аумағы әлдеқайда кеңейді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 9 мыңға жуық қызылордалық баспаналы болды. Қазіргі таңда қала бойынша 117,3 мың шаршы метрді құрайтын 2 мың 546 пәтерлік 53 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде Сырдария өзенінің сол жағалауында құрылысы жүргізіліп жатқан 1 мың 560 пәтерлік 32 көпқабатты тұрғын үйдің 16-сы ағымдағы жылы пайдалануға берілсе, қалған 16 үйдің құрылысы келер жылы аяқталады. Сонымен қатар алдағы жылы СПМК-70 тұрғын ауданы бойынша 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жеке инвесторлар есебінен 356 пәтерлік 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстар да қарқынды жүргізілуде.
baq.kz​​​
01 желтоқсан 2020 ж. 490 0