Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова: Туризм нысандарына баратын жол мәселесін реттеуіміз қажет

Гүлшара Әбдіқалықова: Туризм нысандарына баратын жол мәселесін реттеуіміз қажет

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың туризм саласын дамыту мәселелеріне арналған жиын өткізді.

Отырысқа бірқатар басқарма басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн режим арқылы байланысқа шықты. Өңір басшысы 2025 жылға қарай республиканың жалпы ішкі өніміндегі туризм саласының үлесін кемінде 8 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын атап өтіп, өңірде туризмнің әлеуетін арттыру және жұмысты жандандыру қажет екенін қаперге салды.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов аймақ туризмін дамыту мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды тізбелеп, алдағы кезеңде іске асатын жоспарларын баяндады.

Фердоуси Қожабергенов пандемияның салдарынан туындаған карантин шаралары әлемдегі автомобиль экспорты мен мұнай өнімдерінен кейін тұрған туризм саласына едәуір әсер еткенін атап өтті. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облысқа келушілердің саны 32 139 адамды құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 41% пайызға азайған. Ал, орналастыру орындарымен 469,3 млн.теңгеге қызметтер көрсетіліп, 39 пайызға төмендеген.

Басқарма басшысы биыл облысқа туристік бағытта 45 000 адам келеді деп жоспарланғанын және 1,5 млрд.теңге қаржыны құрайтын 5 туристік нысанды іске қосу арқылы жаңадан 70 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болатынын тілге тиек етті.Өңірде облыстық жобалық кеңсе аясында «Visitorda.kz» ресми ақпараттық-туристік сайты әзірленген. Сонымен бірге «Возрождение» аралындағы кемелердің қалдықтары орналасқан аумақтан аспан астындағы мұражай ашу жұмыстары пысықталуда. Мұнан бөлек, алдағы кезеңде туристік фирмалар, жоғарғы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушыларына «Байқоңыр» ғарыш айлағы, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Сығанақ», «Жанкент» қалашықтары мен басқа да тарихи орындарға танымдық турлар ұйымдастырылмақ.
Отырыста Гүлшара Әбдіқалықова өңірде демалыс орындары көп болғанымен, сервистік қызмет көрсету мен инфрақұрылым мәселесін әлі де жетілдіру қажеттігін назарға салып, Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа «Қамбаш» демалыс аймағына кіреберіс жол мен автотұрақ салу мәселесін шешуді тапсырды.

«Арал ауданында туризмді дамытуға мүмкіндік көп. Туристердің қызығушылығын пайдаланып, «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Ақеспе» ыстық су шипалы бұлағы секілді орындарды қолға алып, туристер үшін қолайлы жағдай жасау керек. «Возрождение» аралындағы көне қалдық кемелерге де туристер тарапынан қызығушылық жоғары. Ішкі туризмді дамытуда туристік маршруттар бойындағы туристік, мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуды қолға алу керек»,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында аймақ басшысы Қазалы ауданындағы Жанкент қалашығын абаттандыру, Құттыбай кесенесі мен Сараман-Қоса мұнарасына жол салу мәселелерін қарады. Сондай-ақ, Қармақшы мен Байқоңыр қаласында туризмді дамыту жағдайын талдау қажеттігін және тиісті жұмыстарды атқаруды міндеттеді.

«Қармақшы ауданында ішкі мәдени туризмді дамытуға мүмкіндік беретін «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Марал ишан» кесенесі, «Жетіасар», «Алтыасар», «Шірік Рабат», «Сырлытам», «Қосқала» ескерткіштерін, Шиелі ауданындағы Ханқожа көлі, Жаңақорған ауданында «Сығанақ», «Өзгент», «Аққорған» қалашықтары, «Хорасан Ата», «Сунақ Ата» кесенелері және «Қатынқамал» үңгірі секілді тарихи орындарда туризмді дамыту керек және аталған туризм нысандарына баратын жол мәселесін реттеуіміз қажет», – деді облыс әкімі.

Отырыста облыс әкімі аудандарда туризм индустриясын дамыту үшін кешенді жұмыстарды жалғастыруды және туризм әлеуетін арттыруға арналған жаңа бастамаларды іске асыруды тапсырды. Жиында айтылған әрбір мәселелердің орындалуына бақылауға алуды орынбасары Нұрлан Тілешовке тапсырды.

Айта кетейік, облыста 4 жағажай, 4 шипажай, 11 демалыс орны, 30 жол бойы сервистік кешен, 113 орналастыру орны демалушыларға қызмет көрсетеді және 12 туристік фирма жұмыс жасайды.

kyzylorda-news.kz
19 ақпан 2021 ж. 292 0