Жаңақорғанда жаңа шипажай пайдалануға беріледі
Пандемияның әсерінен туризм саласы шығынға батты. Қатерлі індеттің кесірінен Қызылордаға сырттан келушілердің саны өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға төмендеп кеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша ішкі туризмге келушілердің саны 48,3 пайызға төмендеп және келушілердің жалпы саны 19441 адамды құраған. Өңірдегі қонақ үйлер де 254 млн теңге шығынға ұшыраған.
Өңірдің негізгі туристік нысандарын дамытуға қатысты 2019 жылы «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген болатын.Бағдарлама аясындағы туристендіру картасына Қызылордадан 3 туристік нысан енгізілгені белгілі болды.
««Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы туристендіру картасына енді. Оның ішінде «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағының жобасы туристендіру картасының ТОП-10 тізімінде. Бұдан бөлек еліміздегі ТОП-50 туристендіру картасына «Қамыстбас» демалыс аймағы мен «Жаңақорған» шипажайы енгізілді. Жаңақорғанда қосымша 88 орындық заманауи шипажайдың құрылысы аяқталуға жақын. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек», – дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында 30 кешен 700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 950 млн. теңге болатын 2 жол бойы кешені іске қосылмақ.
kyzylorda-news.kz«Пандемия жағдайына байланысты биыл бөлінетін қаржы да қысқарды. Дегенмен басқарма тарапынан өңірдегі аз қамтылған отбасыларға «Байқоңыр», «Қорқыт ата» кешендері мен түрлі харихи орындарға бірнеше рет саяхат ұйымдастырылды», дейді Фердоуси Қожабергенов.