Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектерге көмек көрсететін арнайы орталықтар ашылады

Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектерге көмек көрсететін арнайы орталықтар ашылады

Министрдің айтуынша, 2021 жылы бейімделген стандарттарға сәйкес келетін объектілердің үлесі 20%-ке, ал 2025 жылы 100%-ке жетуі тиіс.

НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Биыл Қазақстанның 15 өңірінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға түрлі көмек көрсету үшін "Ten Qogam" орталықтары ашылады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде республикада 695 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 419,8 мыңы – еңбекке қабілетті жаста, 180,6 мыңы – зейнеткерлік жаста және 94,7 мыңы – 18 жасқа дейінгі бала.

Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облысында мүгедек балаларға арналған жаңа оңалту орталықтарын ашу көзделіп отыр.

"15 өңірде "Ten Qogam" орталығы ашылады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай орталықтар қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатыр. Олар мүгедектігі бар адамдарға психологиялық және құқықтық көмекпен қатар, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Әкімдіктер аталған шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет", – деді Шәпкенов.
Сондай-ақ, министр қолжетімді ортаны қамтамасыз ету үшін жыл сайын 4 мыңнан астам нысанды бейімдеу міндеті қойылғанын атап өтті.

Айтуынша, биыл бейімделген, стандарттарға сәйкес келетін объектілердің үлесі 20%-ке, ал 2025 жылы 100%-ке жетуі тиіс.

Ол былтыр экономикалық белсенділік үшін мүмкіндіктер жасау мақсатында мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптер атласы әзірленгенін айтты. Бұл анықтамалық мүгедектерді жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде электронды еңбек биржасы порталында жұмыс іздеуді жетілдіру үшін пайдаланылады.

Бұдан бөлек, Шәпкенов мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы әзірленетінін мәлімдеді.

sputnik.kz
26 ақпан 2021 ж. 373 0