Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүгедекті жұмысқа қабылдамаған компания жазаланады

Мүгедекті жұмысқа қабылдамаған компания жазаланады

Мүгедекті жұмысқа қабылдамаған компания жазаланады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды inform.kz 
«Бүгінде елімізде мүгедектігі бар 690 адам бар. Оның 424 мыңы жұмысқа қабілетті болғанымен, 224 мыңы ғана жұмыс істей алады. Қазіргі уақытта олардың 106 мыңы еңбек етіп жүр. Біз олардың экономикалық белсенділігін арттыру бойынша өзімізге міндет қойдық. Мынадай проблема бар – мүдегектігі бар адамдарды жұмысқа алмайды. Заңнамамызға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар кәсіпорындарға квота бекіте алады. Қазіргі уақытта 2-ден 4 пайызға дейін мөлшерде. Бұл квотада 14,5 мың бірлік болғанымен, орындалмай келеді», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін әлемдік тәжірибе зерделенген. Айталық, Канадада мұндай квотаны орындамаған компаниялар мемлекеттік сатып алуларға жіберілмейді. Ал Германия мен Жапонияда компания мүгедектігі бар адамды жұмысқа қабылдамаса, онда өтемақы төлеуге мәжбүр болады.
«Біз осы идеяларды қаперге алдық, енді әзірлейтін боламыз. Тетіктерін, көлемі қанша болуы керектігін ойластырып жатырмыз. Ол мүгедектігі бар адамды оқытып, басқа жерге жұмысқа орналастыру үшін жеткілікті болуы тиіс. Бүгінде бұл идея деңгейінде ғана тұр. Бізде заң жобасының тұжырымдамасы бар. Заң жобалау жұмысы жоспарына сәйкес оны 2020 жылы қабылдау керек», - деді Біржан Нұрымбетов.

25 желтоқсан 2019 ж. 676 0