Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданы әкімі Алғыс айту күнімен құттықтады

Арал ауданы әкімі Алғыс айту күнімен құттықтады

Қадірлі жерлестер! Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңде қоныс аударған этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, еліміздің дамуына зор үлес қосуда.
2016 жылы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтар достығына негізделген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін Алғыс айту күні деп жариялады.
Бұл мереке этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын, бір-бірімізге деген алғаусыз құрметіміз бен сыйластығымызды арттырады.
Айтулы күн барды бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, мейірім мен ізгілікке бастайды. Кең пейілді халқымыз қашан да әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашан да келешегі кемел болары анық.
Биыл егемен еліміздің баға жетпес байлығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Мемлекетіміз осы кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында қол жеткізді. Тату тірлігіміз бен жарасымды сыйластығымыз арта берсін!
Биылғы жыл – аудан халқы үшін айтулы жыл. Ашыққан Поволжье тұрғындарына көмек қолын созып, 14 вагон балық жөнелткен бабаларымыздың қайырымды ісіне 100 жыл толып отыр.
Өткен жылы пандемияның белең алған кезеңінде халықтың саулығы үшін анттарына адалдық танытқан дәрігерлер адам жанының арашасы бола білді.
Түрлі сала қызметкерлері ахуалдың күрделенген уақытында міндеттерін мінсіз атқарды.
Ардақты ағайын!
Өңірімізді дамыту жолындағы әрбіріңіздің еңбегіңіз бен қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін.
Ырысты ынтымағымыз бен берекелі де баянды бірлігіміздің көкжиегі кеңейе берсін. Баршаңызға зор денсаулық, әр отбасына амандық пен игілік тілеймін!
Мереке құтты болсын!

Ізгі тілекпен, Арал ауданының әкімі Мұхтар ОРАЗБАЕВ
01 наурыз 2021 ж. 1 593 0