Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлыстың ұлы күні даланы «Қыдыр ата аралайды» деген наным бар

Ұлыстың ұлы күні даланы «Қыдыр ата аралайды» деген наным бар

Халық арасында Ұлыстың ұлы күні даланы «Қыдыр ата аралайды» деген наным бар. Ол әр шаңыраққа құт-береке дарытады деп сенеді. Міне, сондықтан әр қазақ Қыдыр атаның жолын күтіп, үйінің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартады. Кейбір дінтанушылар оны Ілияс пайғамбар деп те жорамалдайды. «Қыдыр ата әлі күнге дейін тірі, адамдар арасында жүр» деген де дерек бар. Шын мәнінде Қыдыр ата кім? Қасиетті Құран Кәрімде, діни кітаптарда ол жайлы не айтылған? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл жауап берді.

Мұса пайғамбар мен Қыдыр атаның кездесуі

Хасан Аманқұлдың айтуынша, Қыдыр ата исламда ғана емес, барлық дінде кездеседі. Еврей, христиан діндерінде де атауы сәл өзгеше болғанмен, дәл осы Қыдыр атаның сипаты берілген. Ал Құран Кәрімде Мұса пайғамбар мен Қыдыр атаның кездесуі, бірге өткізген сапары жайлы Кәһф сүресінде баяндалады.
«Мұса пайғамбар менен білімді адам жоқ шығар деп ойлайды. Сонда Алла Тағала «сенен білімдірек адам бар, екі өзеннің қосылатын жеріне барсаң, ол адамды кездестіресің» дейді. Мұса пайғамбар әлгі кісімен жолығады, оған «мені өзіңізбен бірге сапарға ертіп шығыңыз, сізге шәкірт болайын» деп өтініш білдіреді. Ол кісі тұйық, жұмбақтау адам екен: сен менің кейбір әрекеттерімді түсінбей, шыдамсыздық танытасың, менімен бірге жүре алмайсың деп бетін қайтарады. Бірақ Мұса пайғамбар «жоқ, мен шыдаймын» деп сөз береді. Сөйтіп екеуі сапарға шығады. Әрине, Құран Кәрімде ол Қыдыр деп аталмайды, бірақ дінтанушы ғалымдар Мұса пайғамбар кездескен кісі Қыдыр ата деген тұжырым жасайды», – дейді мүфтият өкілі. 
Сөйтіп кемеде кетіп бара жатқанда Қыдыр ата өздері мінген кемені балталайды. Одан кейін кішкентай баланы өлтіреді. Соңында құлағалы тұрған қабырғаны ағаш тіреп, жөндейді.
Мұса пайғамбар Қыдырдың бұл әрекеттерін еш түсінбей, сабырсыздық танытып, жол бойы сұрақ қойып, мазасын алады. Қыдыр ата Мұсаға оның себептерін түсіндіреді.
«Кемені балтамен шауып, тескенім: патша теңіздегі барлық кемені тартып алып жатыр, ал кеме – кедейлердің күнкөріс көзі. Егер одан айырылса, жағдайы қиындайтын еді. Балтамен шабылған кемеге патшаның әскерлері тиіспейді. Ал кедейлер кейін мұны жөндеп алады. Мен мұны Алла Тағаланың бұйрығымен орындадым дейді. Кішкентай баланы өлтірген себебім: ол ержеткенде кәпір, надан болып, әке-шешесіне зұлымдық жасайды, сондықтан мен оны өлтірдім. Алла Тағала ол ата-анаға басқа перзент сыйлайды, ал егер мына бала есейсе, оның ата-анасына тыныштық жоқ. Қабырғаны тіреп қойған себебім: ол екі жетім баланың үйі, қабырғаның астында ата-анасы қалдырған қазына бар. Егер қабырға құласа, оны басқалары алып қояды, Алла Тағала олар өскенде, өздері қазып алуын қалады. Мен мұның бәрін өз бетіммен істеген жоқпын, Алланың бұйрығын орындап жатырмын» дейді. Ал Алланың бұйрығы келген адам ол пайғамбар болады. Дінтанушы ғалымдар осы оқиғаны Қыдыр атаның пайғамбар екендігіне дәлел ретінде келтіреді», – дейді Хасан Аманқұл.

Қыдыр ата тірі ме

Оның айтуынша, ислам деректерінде Қыдыр ата Адам атаның баласы деген де жорамал бар.
«Адам ата қайтыс боларының алдында балаларына: «Мені осы жерде жерлейсіңдер, бірақ болашақта Жер бетін топан су басады, сол кезде менің денемді су астында қалдырып қоймаңдар. Қазып алып, өздеріңмен бірге кемеге алыңдар, құрғақ жерге қонғаннан кейін, сол жерге жерлеңдер. Менің денем су астында қор болмасын» деп өсиет етеді. Бірнеше ғасырдан кейін Нұх пайғамбар заманында Жерді топан су басады. Сол кезде балалары өсиетті орындап, кемеге Адам атаның денесін алып, құрғақ жерге жеткеннен кейін, сол кісіні жерлейді. Адам ата өсиетінде «кімде-кім мені жерлеу жұмыстарына басшылық жасаса, сол адамның өмірі ұзақ болады» дейді. Сол Қыдыр ата Адам атаның жерлеуімен айналысқан екен. Міне, осыған байланысты ол қазір де тірі деген деректер бар», – деп түсіндірді Хасан Аманқұл.
Десе де, айтуынша, ғалымдардың көбі бірауыздан Қыдыр атаның қайтыс болғанын айтады. Бірақ қарапайым халық арасында Қыдыр ата тірі деген наным-сенім бар.

Қадір түні мен Қыдыр ата бір ұғым ба

«Қадыр түні мен Қыдыр деген екеуі екі бөлек сөз. «Қыдыр» деген жасыл деген мағынаны білдіреді. Қыдыр ата жүрген жер гүлдеп, көктеп сала беретін болған, сол себепті ол Қыдыр аталып кеткен. Ал Қадір түнінің мағынасы мүлде басқа, тағдыр, құрметті деген мағынаны білдіреді. Қадір түні Қыдыр ата келеді дегеннің ешқандай негізі жоқ, халықтың ойдан шығарып алғаны», – деді мүфтият өкілі.
Хасан Аманқұл Қыдыр ата келеді деп, оны ұлықтап, Алла Тағаланың дәрежесіне дейін көтеру дұрыс емес екенін айтты.

kyzylorda-news.kz
22 наурыз 2021 ж. 559 0