Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі: «Алынбас қамал болмайды!»

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі: «Алынбас қамал болмайды!»

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттеріне сұхбат берді
Гүлшара Әбдіқалықованың өмірбаяны, еңбек жолы негізінен әлеуметтік қорғау саласымен байланысты болғандығына қарамастан, Қазақстан билігінің жоғары эшелонындағы өкілдердің арасында сан қырлылығымен ерекшеленеді.
2020 жылдың 28 наурызынан бастап Президент Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел әкім ретінде Гүлшара Әбдіқалықоваға Қызылорда облысын басқара отырып, пандемиямен күресуге тура келді.
Қуат Шарабидинов: – Гүлшара Наушақызы, дағдарысқа дейін аса байқал­маған аймақтың өткір мәсе­лелерін пандемия одан сайын шие­леністіре түсті емес пе? Сұхбатты осы тұрғыда бастасақ дейміз.
– Оңай болған жоқ. Біріншіден, мен тағайындалған күні өңірде алғашқы коронавирус жұқтыру дерегі тіркелгендіктен, жедел түрде шара қабылдау керек еді. Жыл өтті, бірақ пандемия әлі де аяғын тартар түрі жоқ. Сондықтан тұрғындар саулығы, жұқпалы індеттің тарал­уын болдырмаудың тиімділігін арттыру бірінші міндет болып қала береді.
Бізде жағдай тұрақты, медицина ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеп жатқанымен, індеттің өршуі мүмкін екенін естен шығармай, әрдайым әзір болуымыз керек.
Қазбек Ботаев: –  Әзірлікті қалай деп бағалауға болады?
– Жұқпалы аурулар және про­визорлық стационарларда 3200 төсек-орын дайын. Қызылорда қаласында 200 төсек-орындық жаңа модульді жұқпалы аурулар ауруханасын, Жалағаш ауданында 100 төсек-орындық аурухана салдық. Бұрынғыларға қоса облыстық көпбейінді және Қазалы ауданаралық ауруханалары жанынан оттегі станциялары салынды.
Қазір 13 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді және 3500 медқызметкерден кадрлық резерв жасақталды. Дәрі-дәрмекке қатысты проблема жоқ, 2 айлық қор жасалды. Бюджеттен медикаменттер сатып алуға тағы да 488 млн теңге қарадық.
Алыс ауылдарға қолже­тім­ділікті арттыру үшін 2 медици­на­лық кешен және 40 санитарлық көлік алынды.
Негізінен алғанда, сақа­дай саймыз, бірақ алаң­дау­шылығым басым. Карантин талаптарының жұм­сартылуы жұрт­шылықтың сақтық шараларына бейжай қарауына әкеп соқтырады, ал бұл ауруды өршітеді. Сондықтан ковид-дис­сиденттермен де күресу керек.
Пандемия күрделі эпиде­миологиялық жағдаймен қатар локдаун, өндірістің, та­сы­мал­дың, сауданың тө­мен­деуі, осыған сәйкес жұмыс орындарының қыс­­қаруы, кіріс­тің азаюы, тағы сол сияқты мәселелер туындатты.
Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, «Ке­медегінің жаны бір». Ол «Біздің бірлігіміз кез келген ты­ғырықтан шы­ғуымызға кепіл болады» деп, өз үндеуімен барлығымызды пан­демиямен күреске жұмыл­дырды. Біздің халқымыз ке­зекті рет осы сөздің ақиқат екенін дәлелдеді.
Қуат Шарабидинов: – Өңірде волонтерлар қозғалысы өте белсенді жұмыс істеді. 2020 жылдың басынан алғаш­қылардың бірі болып «Сыр волон­терларының штабы» құрылды…
– Иә, біз алғашқылардың бірі болдық. Пандемия ке­зінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қайырымдылық жасау, жабыр­қағанның жанынан табылу туралы үндеуі тіпті өзекті болды. Сол уақытта көптеген адамға волонтерлар көмегі қажет еді. Біздің 3 волонтеріміз «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын иеленді.
Мен медицина қызмет­кер­леріне, құқық қорғау органдарына, әскери қызметкерлерге, волон­терларға, этномәдени бір­лес­тіктерге, кәсіпкерлерге, жур­на­листерге, патриотизмнің нағыз үлгісін көрсеткендердің бар­лығына шынайы ризашы­лығымды білдіремін. Осының арқасында біз қыспаққа шы­дадық.
Әрине, пандемия тірші­лік­тің барлық саласына өз «қол­­таң­­­ба­сын» қалдырды. Эко­но­­­ми­­­­каның даму қарқыны тө­­­­­­мен­­­де­геніне қарамастан, Мем­­­ле­кет басшысының дер кезін­де қабылдаған шешім­­дері­нің ар­қасында аймақ­тың макро­­эко­но­микалық тұрақ­ты­­лы­ғын сақтап, шығындарды ық­шамдадық.
Қазбек Ботаев: – Карантин біздің көп нәрсеге деген көзқарасымызды өзгертті. Біз дәрігер мамандығының, жай ғана саябақтарда серуендеп жүрудің қадірін түсіндік. Сіздің ойыңызша, пандемия бізді тағы неге үйретті, неге көзімізді ашты?
– Өз балаңды оқытудың қан­шалықты қиын екенін түсін­дірді. Ата-аналар бала­ла­рының білім алуына белсенді қатыса бастады. Бұл тым жеңіл жұмыс емес екен. Карантин тәулігіне 24 сағат ата-ана болудан гөрі, бір мезгіл баланы балабақша мен мектепке жіберген әлдеқайда жеңіл екенін көрсетті.
Баланы үйде оқытқан кезең мұғалімдерді сынағанда қан­шалықты қателесетінімізге көз жеткізді. Егер біз, ата-аналар, өз балаларымызды оқытуда түрлі қиындықтармен бетпе-бет келсек, дайындық деңгейі, материалды түсінуі, мінез-құлқы әртүрлі 30 баланың алдындағы мұғалімнің жағ­дайы қандай? Менің ойымша, мұғалім мамандығын дұрыс бағалай алмай жүрміз.
Біз цифрлық сауаттылықты арттыру керектігін түсіндік. Интернетке қосылған кез келген адам сол кезеңде қалада жүріп-тұруға рұқсат алудан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеуге дейінгі сервистерді пайдалануға мәжбүр болды.
Біз қашықтан жұмыс істеудің тиімділігін түсіндік.
Әсіресе қала тұрғындары қалада көлік жүрмесе, ауа таза болатынын түсіндік.
Тағы да өз өндірісіміздің болғаны қаншалықты маңызды екенін карантин мен локдаун көрсетіп берді.
Сондықтан өз өндірісіміз туралы талдау жасап, бірінші кезекте қажетті заттардың барлығы сырттан тасымалданатынын анықтадық. Осыған орай бизнеске 271 млрд теңгенің 265 жобасын ұсынған 2023 жылға дейінгі облыстың экономикалық даму Картасын жасауға шешім қабылдадық. 2020 жылы 7 млрд теңгеден астам қаржыға 89 жоба жүзеге асып, 1047 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Картаны жасауда өңірдің ресурстық потенциалын тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы институттары бағдарламаларының құрал­дарын кешенді қолдану көз­делген. Өңірді бірінші ке­зектегі қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және жұ­мыспен қамтуға баса мән беріліп отыр.   
Сонымен қатар, әлемдік тә­жірибе көрсеткендей, дағдарыс кезінде экономиканы қалпына келтіруде шағын және орта кәсіпкерлік салаларының үлесі зор. Себебі дәл осы сала на­рықтың және біздің қажет­тілігімізге қарай өте жылдам бейімделе алады.
Қуат Шарабидинов: – 2020 жыл қорытындыларына тоқ­тал­сақ, қандай жұмыстар жасалды?
– Кейбір экономикалық инди­каторлар бойынша 2020 жылғы нәтижелеріміз 2019 жыл­мен салыстырғанда сәл нашар болғанына қарамастан, біз жаппай қысқартудың алдын алып, жұмыссыздық деңгейін 4,9% деңгейінде, орташа рес­публикалық деңгейден төмен көрсеткішті ұстап қалдық. 20 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Халықтың нақты жалақысы мен табысы өсті.
Аймақ экономикасына 291 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылып, 609 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 2019 жылға қарағанда аз, бірақ біз Үкімет алдындағы міндеттемелерімізді асыра орындадық.
Бір жыл ішінде 498 шақы­рымнан астам жол, көшелер мен көпірлер жөнделді. Халықтың 97%-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілді. Газдандыру жалғасуда. Биыл жыл соңына дейін халықтың 68,5%-і газбен қамтылады.
Ауылды сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қайта құру бойынша 27 жоба жүзеге асырылды. Бұл 100 мың­нан астам адамды сумен жаб­дықтау сапасын жақсартты.
Қызылорда қаласында то­зы­ғы жеткен жылу жүйелерін 42%-тен 39%-ке дейін төмен­деткен 15 шақырым жылу магистралі жаңартылды.
Жүз мыңдаған азамат­тардың өмір сапасы жақсарды.
Арал ауданында тауарлық балықты өңдейтін цех пен зауыт, кварц құмын байытуға ар­нал­ған кен байыту комбинаты пайдалануға берілді.
Биыл біз 48,5 млрд.теңгеге тағы 4 ірі индустриялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр­мыз. Бұл 500-ден астам жұ­мыс орнын құруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, азық-түлік өнімдерін өндіруге бағытталған Қармақшыдағы құс фабрикасы мен Арал ауданындағы түйе сүтінен құрғақ сүт дайындау өндірісі. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданындағы «Шал­қия» қорғасын-мырыш кен ор­нында кен байыту комби­на­тын және Арал ауданында кальцийлендірілген сода зауы­тының құрылысын бастаймыз.
Қазірдің өзінде ірі зауыттар айналасында байланысты са­ла­лар құру мәселесімен айна­­­лысудамыз. Мысалы, каль­ций­­лен­дірілген сода зауы­ты айна­ласында ас содасы, жуғыш заттар мен еріткіштер шы­ға­ра­тын өндіріс орындарын құрамыз.
Соңғы 5 жылда ауылшаруа­шылық секторының ЖӨӨ-дегі үлесі 4%-ке дейін өсті. Бұл тек соңғы бір жылдың көле­мінде екі еседен астам өскен инвестицияның жоғары қар­қынымен байланысты. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болады деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 53 миллиардтан астам теңгеге 66 инвестициялық жоба бойынша жұмыс жүргізілуде.
Біз шетелдік инвесторлармен белсенді жұмыс жасаудамыз. Атап айтсақ, чехтармен – сыра, сусындар мен шырындар өндірісі бойынша, моңғолиялық инвесторлармен өнімдерді одан әрі экспорттай отырып, тері мен жүнді қайта өңдейтін кәсіпорындармен жұмыс жасаймыз. Қытайлық кәсіп­керлермен күріш сабанынан целлюлоза өндіру жобасы басталды.
Ауылшаруашылық өнім­дері­нің экспорты 2020 жылы шамамен 9% өсті, оның 97%-і – қайта өңделген өнім. Ауыл­шаруашылық өнімдерінің 11 түрі әлемнің 17 еліне экспортталды.
Біздің күріш өсірушілер қайта­дан жақсы нәтижелерге қол жет­кізіп, орташа өнімділігі гектарына 61,8 центнер болатын 550 мың тоннадан астам күріш жинады.
Біз аквагель, тамшылатып суа­ру, жаңбырлатып суару се­кілді заманауи суару жү­йелеріне үлкен көңіл бөлудеміз.
Мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүруде. Басты міндет – мал өсіруде жайы­лымдардың тиім­ділігін арттыру. Ол үшін бос жатқан жайылымдардағы су көздерін біртіндеп жөндейтін боламыз. Осылайша, 1,7 мил­лион гектардан астам жайылымдық жерді іске қосамыз.
2020 жылы біз 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдар­ла­масын жасадық. Оны жүзеге асыруға шамамен 29 миллиард теңге бөлінеді. Бұл тауарлық балық көлемін 111 есе, ал балық өнімдерін экспорттауды 2 есе арттыруға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай тауарлы көл балықтарын өсіретін 55 шаруашылық, 12 тоған және 16 балық өсіру шаруашылығы, 3 жабық сумен жабдықтау құрылғылары құрылады.
Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханаларды салу мәселесі шешімін тапты. Ендігі міндет – алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек нысандары мәселесі. 2024 жылға дейін біз 62 нысанды жаңартып, осылайша бұл мәселені де шешуді жоспарлап отырмыз.
Бюджет қаражаты есебінен 12 жаңа спорт нысаны салынды. Сонымен қатар, мем­ле­кеттік-жеке­меншік әріптес­тік аясында 60 секцияға арнал­ған спорттық-сауықтыру кешен­дерінің құры­лысы бойынша 5 жоба жүзеге асырылды.
Сондай-ақ апатты жағдай­дағы мектептерді жою бойынша жұмыс жалғасты. 2020 жылдың басында бізде 3 апатты жағдайдағы мектеп болған. Бүгінде олардың біреуі пайдалануға берілді, қалған екеуі биыл салынады.
Қазбек Ботаев: – Гүлшара Наушақызы, тәжірибелі мемлекет қайраткері ретінде өңір үшін қандай ұзақ мерзімді міндеттерді атар едіңіз?
– Экономиканың мұнайға тәуел­ділігі әлі де жоғары. Қол­даныстағы кен орындары сар­қылуға таяу екенін ескере отырып, жаңа кен орындарын бар­лау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Сонымен қатар, өндіріс сек­т­орына, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға ба­сымдық береміз. Бұл – менің ойымша, ең перспективалы бағыттар.
Әлеуетіміз өте жоғары. Инвестиция, оның ішінде ше­телдік инвестицияларды тарту мақ­сатында біз 2 топ құр­дық. Ішкі инвестицияларды тартуға жауапты топ облыстың экономикалық даму картасы шеңберінде көзделген жо­балардың санын 265-тен, кем дегенде, 400 жобаға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүр­гізуде. Екінші топ өңірге ше­телдік инвестицияларды тар­ту үшін Инвестициялық мүм­­­­кін­діктер бағдарламасын әзір­­леуде. 2021 жылы алды­мыз­ға экономикаға тартылатын инвестиция көлемін кем де­­генде екі есе арттыру мін­детін қойдық.
Бізде бастамашыл адамдар үшін кең мүмкіндіктер қарас­тырылған. Мұны аймақтың эконо­микалық даму картасын дайындау кезінде жасаған талдауымыз да растады.
Сондықтан, барлығын бірге жұмыс жасауға шақы­рамын. Мемлекеттік бағдар­ла­малардың мүмкіндіктерін ес­кере отырып, өз бизнесіңізді бастау онша қиын емес. Біз ондай адамдарды әрдайым қолдаймыз!
Қуат Шарабидинов: – Пан­демия мен карантин кәсіп­керлерге бірқатар қиындықтар туғызды. Бұл тұрғыдан бизнеске қандай қолдау көрсетілді?
– Пандемиядан қызмет көр­сету саласы ең көп зардап шекті. Дегенмен, кейде шығындар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бір есік жабылса, басқа бір есік міндетті түрде ашылады. Біз мейрамхана бизнесін қайта құру үшін кәсіпкерлермен жұмыс жасай бастадық. 2020 жылдың екінші жартысынан бас­тап 128 мейрамхананың 15-і өз қызметін өндірістік секторға қайта бағыттады.
Сонымен қатар, шектеулер кезінде 54 мыңға жуық кәсіпкер салық жеңілдіктерін алды және 8,5 мыңнан астамы міндетті меди­циналық сақтандыру тө­лем­­дерінен босатылды.
147 ірі сауда нысан­ын­дағы 9 мың сауда алаңы, мем­лекеттік меншікті жалға беретін 194 су­бъект жалға беру төлемдерінен босатылды.
8 мыңға жуық субъект 11 миллиард теңгеден ас­там несие үшін төлемді кейінге қалдыруға және қайта құ­рылымдауға мүмкіндік алды.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Жеңіл­детілген несиелеу» бағ­дар­ламаларын іске асырудың арқасында жұмыс істеп тұрған ШОБ саны 5%-тен астам көбейді.
Тек осы жобалар аясында кәсіпкерлікті дамытуға 19 миллиардтан астам теңге бө­лінді. Тағы 2 млрд теңге «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы ауыл­дардағы стартап­тарды жүзеге асыруға бағыт­талды.
Қазбек Ботаев: – «Балық берме, қармақ бер» принципі бойынша жұмыстар нәтижелі ме?
– Әлеуметтің әлеуетін арттыру – мемлекет міндеті. Мемлекет әрдайым көмектесетін белгілі санаттар бар. Олардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар кіреді және олар тұрақты табыс алуға құқылы. Сондықтан біз олардың өз ісін өркендетуі үшін білім беру, қайта даярлаудан өткізу, микронесиеге қол жеткізуіне қолайлы жағдай жасаудамыз.
Бірқатар мемлекеттік бағ­дар­ламалар бар, олардың аясында бизнес ашуға грант немесе несие алуға болады. Ең алдымен, түсіндірме жұмыстарына күш салынады. Қажет болған жағдайда білімін кеңейтіп, кәсіби мамандардан кеңес алуға, оқытудан өтуге көмек беріледі. Мысалы, бизнеспен айналысуға көп­балалы аналар көптеп тартылуда. Бүгінде облыс бойынша 28 мың­ға жуық көпбалалы отбасы бар. Мақсат – оларды тұрақты табыс­пен қамтамасыз ету. «Еңбек» бағдарламасы бойынша бизнес-идеяларды іске асыруға грант алған 5011 адамның 670-сі – көпбалалы аналар. Бүгінде олар­дың іс бастап, оның игілігін кө­руіне жол ашылды деп айта аламыз.
Қуат Шарабидинов: –  Өт­кен жылы бірқатар та­рихи-мәдени датаны – Әбу Насыр Әл Фарабидің 1150 жыл­дығын, «Ұлық ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өттік. 2021 жыл да еліміз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен есте қалмақ. Сыр елі – сан тарихтың куәсі болған мекен. Қазіргі таңда өңір ел дамуына қандай үлес қосуда және тәуелсіздік не берді деп айта аласыз?
– Өңір тарихы бай, тамыры тереңде. Біздің топырақта мәдениеттер қалыптасып, дамыды, мемлекеттер құрылды. Бұл жерде төрт астана –  Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Қызылорда болған. Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке. Сол себепті өңірде өмір сүрген жыршы-термешілер, ақын-жазушылар шығармашылығы әлем әдебиетінде сирек кез­десетін құбылыс ретінде айрық­ша назар аудартады. Қуан­тарлығы, дәстүрлі өнер бүгінге дейін үзілмей жалғасып келеді.
Сыр Елі концепті негізінде біз білімімізді тереңдетіп, қазақ мәдениетін дәріптеуге күш саламыз. Ол үшін Youtube платформада «Сыр шаңырағы», «Сыр қоғамы», «Сыр бірлігі», «Сыр жастары», «Сыр спорты» арнайы арналары ашылды. Сыр елі арқылы біз еліміздің қалыптасуы мен дамуында Қызылорда облысының ерек­ше үлесін көрсеткіміз келеді, өйткені Сыр Елі – қазақ ұлты­ның қалыптасуында айрықша рөл атқаратын құтты мекен.
Ұлы Қорқыт баба тылсым өлкенің жарқын болашағын да болжаған. Жер жаннатын іздеп, дүниенің төрт бұрышын аралап, туған топырағы – Сыр өңіріне қайта келгенде бұл жерді жер кіндігіне балаған. Дәл осы жерде ол аспан мен Жаратушы арасында таңғажайып байланысты сезінді. 10 ғасырдан астам уақыт өткен соң Кеңес ғалымдары қазіргі Байқоңыр ғарыш айлағын салу үшін Қорқыт жерленген жерді таң­дады және бұл таңдаудан қателеспеді. Ұлы Қорқыттың қорытындысы па­йымды болып шықты. Сонымен қатар бізде 365 күннің 300-ден астамы шуақты. Осыдан болар, өңір халқы да жылыжүзді. Ежелден сұлу Сыр-Ананың сағасы, тарихы терең Тұран ойпатының төрі қонақжай қасиетімен де құнды. Біздің аймақтан көптеген талантты тұлғалар, жыраулар, ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлері, спортшылар шықты, мәртебемізді өсірді, абы­ройымызды тасытып ке­леді. Менің ойымша, мұның бәрі бір-бірімен байланысты.
Ал, «Тәуелсіздік маған не берді?» деген сұраққа келетін болсам, қарапайым ауыл қызы­ның армандарына жол ашылды дер едім. Білімді, тә­жірибесі толымды азаматтармен таныстым, кемеңгер тұлға, мемлекеттігіміздің алтын дің­гегі, дербестігіміздің берік негізін қалаған,  есімі Джордж Вашингтон, Мұстафа Кемал Ататүрік, Шарль де Голль, Ли Куан Ю, Махатхир Мохамад секілді көшбасшылармен бір қатарда тұрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге қызмет еттім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Тәуел­сіздік  бәрінен қымбат». Бұл – біздің және менің, Қазақ­станның болашағына жол сілтер, «Мәңгілік ел» құрудағы басты бағдарымыз.
Қазбек Ботаев: – Маңызды сұх­батты қалай қорытын­дылайсыз?
– Өткенге шегініс жаса­сақ, 2020 жылды оңай өткер­мегенімізді байқаймыз. Расында, Хәкім Абай атамыз айт­қандай, «Бейнет көр­мей, дәу­лет жоқ». Бірақ, біз ойға алған жоспарларымыздың бар­лығы жүзеге аспаса да, қиын­дықта қайыспадық, шыдам­ды­­­­лы­­ғымызды шыңдадық. Өзі­­­мізді дамытуға, уақытты тиім­ді жұм­сауға, отбасымызға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туды. Адам­­гер­шілік, мейірім мен қам­қорлық. Осы қасиеттер әрбір адам­­­ның бойынан табылды. Біз бір­­лес­­кенде мықты екенімізді көрсеттік.
Пандемиямен күрес әлі де жалғасуда. Біз мақсат қойып, алға ұмтылу­дамыз. Барлығы уақыт еншісінде. Адамзат тарихында айтылғандай, бұл әлемде алынбас қамал болмайды.
Сұхбаттасқандар
Қ.Шарабидинов, Қ.Ботаев
30 наурыз 2021 ж. 410 0