Қаламгерге құрмет көрсетті

– Қалың оқырман сізді уақыт талабынан табылған, көкейтесті мәселелерді ұшқырлықпен көтерген жалынды журналист, парасат-пайымы биік прозашы ретінде таниды. Соның ішінде теңіз бен оның жағалауындағы халықтың басындағы жағдайларды, теңіз-ананың тағдыр-тауқыметін жан жүрегіңізбен сезініп, кешегі теңіз бен бүгінгі теңізді, балықшылардың базынасын жеткізе білудегі еңбегіңіз бір төбе. Саналы ғұмырыңыздың көп бөлігін ел болашағына арнаған сіздің абыройлы еңбек жолыңыздың жас толқынға берер тәлімі мен тағылымы мол. Өз ісінің майталманы ретінде сіз еліміздегі баспасөз саласының дамуына айрықша үлес қосып, өнегелі өміріңізбен баршаға үлгі бола білдіңіз. Мерейтойыңыз тағы да құтты болсын, – деді аудан әкімі М.Оразбаев.
Ол еңбек жолын 1973 жылы Тереңөзек аудандық "Еңбек туы" газетінде әдеби қызметкер болудан бастады. Одан кейінгі жылдары Тереңөзек ауданындағы "Еңбек туы" газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, №126 орта мектеп директоры, Жалағаш аудандық "Жаңадария" газетінде бөлім меңгерушісі, Жалағаш аудандық партия комитетінде нұқсқаушы, аудандық кеңес іс басқарушысы, аудан әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы, «Толқын» газетінің редактор-директоры және аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметтерінде болды. "Арал ақиқаты" тәуелсіз газетін ашып, республикалық "Заң газетінің" аймақтағы тілшісі, республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Басқосуда аудан басшысы журналистика саласында абырой биігінен көрініп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген қаламы жүйрік қаламгерге Арал ауданының Құрмет грамотасын табыстап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Мерейтой иесіне арналған жиында қаламдас замандастары, ел ағалары Әнес Әуезов пен Аманжол Жолмағамбетов сөз алып, Еркін Әбіловтің ел мүддесі жолындағы еңбегіне тоқталып, жылы естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде Е.Аққалиұлы аудан басшысына, жерлестеріне, жанашыр азаматтарға алғысын жеткізіп, ризашылығын білдірді.
«Толқын» ақпарат