Қызылордада 1,2 мың мұғалімге коронавирусқа қарсы вакцина салынды
Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы вакцинацияның екінші кезеңінде 1261 педагог екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның ішінде аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, директорлар мен педагогтар бар.
Қатерлі індетке қарсы вакцина қабылдаған тұрғындар арасында облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова да бар.
«Өзім де №3 қалалық емханада вакцина салдырдым. Дәрігерлер денсаулығымды бақылап, қан қысымымды өлшеді. Дене қызуымды тексеріп, екпе екті. Білім беру ұйымдарын аралап, педагогтармен қарым-қатынас орнатып, балалармен кездесетіндіктен, вакцина салдырудың маңызы зор және одан қорқудың қажеті жоқ. Сәт сайынғы статистика індеттің таралуы бәсеңси қоймағанын көрсетеді. Адам шығыны да аз емес. Өтпелі кезеңді өткеру, алқымнан алған індеттің жолын кесу және оның таралып кетуін неғұрлым азайту мақсатында біздің елде барлық шара қолданылуда. Білім саласында еңбек ететін ұстаздар қауымы үшін оның маңызы зор. Кемел келешектің кілті – балалардың денсаулығын сақтауға тиіспіз. Қазір біз мектепке келетін балалардың денсаулығына жете мән беріп, 5 сатыдан тұратын дезинфекциялық тексерудің толыққанды іске асуын қадағалауда ұстаудамыз», – дейді басқарма басшысы.
kyzylorda-news.kz