COVID-19 : Аралда шектеу шаралары күшейтілді
Қызылорда облысы соңғы аптадағы көрсеткіш бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 21 сәуірден бастап «сарыдан» «қызыл аймаққа» ауысты.
Арал ауданы бойынша жыл басынан бері коронавирус инфекциясымен тіркелген ауру саны–62, оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны-21. КВИ симптомды түрімен 11 науқас, КВИ симптомсыз вирус тасымалдаушылықпен-51 науқас анықталып,тіркеуде алынды. Жыл басынан бері стационарлық жағдайда 11 науқас, үй карантиніне 51 науқас оқшауланды.
Бүгінгі таңда 11 науқастың 7-і стационарлық жағдайда ем алуда, 51 науқастың 25-і үй карантинінде оқшауланып, медициналық бақылауда, қалғандары карантин мерзімінің бітуіне байланысты үй карантинінен шығарылды. Оқушылардың арасында 9 бала үй карантинінде медициналық бақылауда, қалғандары жазылып шыққан. Тіркелген науқастардың кәсіби құрамы бойынша: медицина қызметкерлері – 4,мектеп оқушысы-19, ұйымдаспаған топ балалары-3, зейнеткер-8, жұмысшы-8, жұмыссыз-11, қызметкер-5, жеке кәсіпкер-2, студент-2. Науқастармен барлығы–489 адам жақын байланыста болған, оның 30-ы мұғалім. Жақын байланыстағылардың ішінде 42 адамнан КВИ симптомсыз вирус тасымалдаушылық анықталған.
Облыстың «қызыл» аймаққа ауысуына байланысты, Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 22 сәуірдегі №9 қаулысы қабылданды. Облыстың Бас мемлекеттік сандәрігерінің №8 қаулысында көрсетілген тыйым салулар сақталады. Қазір халықты сақтандыру мақсатында жаңа қаулыға біршама өзгерістер енгізілді. Мәселен, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, басқа да кеңселердің мамандарының кемінде 80 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге көшіріледі. Сондай-ақ, келесі тізбедегі нысандар жұмысына рұқсат беріледі:
– жалпы білім беретін мектептерде 1 сыныптан бастап 5 сыныпты қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1 сыныптан бастап 7 сыныпты қоса алғанда, мектеп алды сыныптарының оқушылары үшін сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқытуға;
– оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтықтан аралас форматта оқытуға рұқсат етуді, бұл ретте сыныпта 15 адамнан аспауы тиіс.
– 15 адамнан аспайтын топтарды жинақтау сақталған кезде мектепке дейінгі мекемелердің кезекші топтарына;
-азық-түлік тауарларын сату бойынша супермаркеттер, гипермаркеттер жұмысына, орналасқан жеріне қарамастан, бір келушіге 4 м^2 есебінен толымдылығын сақтаған жағдайда, жұмыс кестесін жұмыс және демалыс күндері сағат 07.00-ден 23.00-ге дейін, дүкендер, шағын маркеттер жұмысына штаттық режимде;
– азық-түлік емес тауарларды өткізу объектілерінің жұмысына сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін;
– ашық аспан астындағы азық-түлік базарлары үшін штаттық режимде, азық-түлік емес базарлар үшін жұмыс және сенбі күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, жексенбі күндері жұмыстарына тыйым салумен ұйымдастыруға;
– «сенбі және жексенбі күнгі» азық-түлік жәрмеңкелерінің жұмысына сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін;
– жабық базарлар жұмысына, ойын-сауда орталықтарының, сауда үйлері, сауда желілерінің жұмысына, сенбі және жексенбі күндері жұмыстарына тыйым салумен;
– қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар) жұмысын орналасқан жеріне қарамастан, ғимараттардың ішінде толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 30 орыннан асырмай сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін және ашық ауада отыратын орын саны 30-дан аспайтын шарттарды сақтаған жағдайда, бір үстелде 4-6 адамнан аспайтын отыру мен көрші үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, тамақты жеткізу және шығару қызметін қоспағанда жұмыс кестесін сағат 9.00-ден 22.00-ге дейін, сонымен қатар фудкордтарды қоса алғанда жеткізу мен әкету жұмысына сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін;
– фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, жабық бассейндердің, СПА-орталықтарының, СПА-салондардың, сондай-ақ массаж орталықтары мен кабинеттердің жұмысын жұмыс күні сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін, сенбі, жексенбі күндері жұмыстарына тыйым салумен ұйымдастыруға;
– сұлулық салондарының, шаштараздардың, «барбер шоптың», косметикалық және косметологиялық қызметтер, маникюр және педикюр қызметтерін көрсететін орталықтар мен салондардың жұмысын (қатаң түрде алдын-ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 〖м 〗^2 есебінен) сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін;
– «Ashyq» пилоттық жобасына қатысатын объектілер үшін «сары аймақ» өлшем шарттар қойыла отырып рұқсат етіледі;
– діни объектілерінің жұмысын бұқаралық іс-шараларды өткізуге және оларда орналасқан қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысына тыйым сала отырып ұйымдастыру;
– такси қызметтеріне 3 ересек адамға дейін немесе бір ересек адам екі кәмелетке толмаған баланы алып жүру талаптарын сақтай отырып;
– халыққа қызмет көрсету орталықтарының, сондай-ақ мамандандырылған ХҚКО жұмысына тек алдын ала телеграмм-ботпен брондау арқылы және банктер, «Қазпочта» АҚ бөлімшелері жұмысына сағат 9.00 ден 18.00-ге дейін.
Осы Қаулы 2021 жылғы 22 сәуірден бастап күшіне енді.
Сондықтан, аудан тұрғындары тарапынан тек сақтық пен қауіпсіздік қажет. "Саулық – сақтықта" екенін естен шығармағанымыз абзал!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал ауданының Бас санитариялық дәрігері