Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал маңының экологиялық тұрақты дамуы назарда

Арал маңының экологиялық тұрақты дамуы назарда

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Сапар барысында балық шаруа­шы­лығын дамыту, Арал теңізінің құрғаған табанын игеру бағытындағы жұмыспен, Қамбаш көлі және «Көкарал» бөгетінің жағдайымен танысты.

– Балық шаруашылығына ерекше мән беру жөнінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Президент Жолдауында атап көрсетілді. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы қазан айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бірлесіп, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын республика бо­йынша алғашқы болып бекіттік, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Балық шаруашылығын жандандыруда Сыр өңірінің әлеуеті жоғары. Жергілікті сала өкілдері арнайы мем­лекеттік бағдарлама аясында балық өсіру көлемін арттыруға да­йын екенін жеткізді. Бүгінде аймақта қуаттылығы 12,5 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты бар. Олардың өндірістік қуаты саланы дамытуға және өндіріс көлемін екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Үкіметтің Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасында балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Оның 16 мың тоннасы Қызылорда облысына тиесілі.

Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов аталған межеге қол жеткізу үшін облыс аумағында балық өсіруге қолайлы су айдындары бар екенін, мұнымен тауарлы балық өсіру көлемін көбейтуге болатынын атап өтті.

– Қызылорда облысының табиғи-климаттық факторларын, Арал теңізі көлемін, күріш егу алқаптарында балық өсіру мүмкіндігін ескере отырып, өңір жылына 25 мың тонна балық өсіруге қабілетті. Сондықтан жергілікті тұрғындарды балық өсірумен айналысуға шақырамыз. Ол үшін өңірде теңіз де, тәжірибе де бар. Саланы мемлекеттік қолдау түрлері көбеюде. Біріншіден, тауарлы балық шаруашылығымен айналысу мерзімі 49 жыл болып белгіленді. Бұл бизнес­ке сеніммен инвестиция салуға және ұзақ мерзімді жоспар құруға ықпал етеді. Ал кәсіпшілік балық аулау үшін бұрынғы мерзім қалып, 5 жылдан 49 жылға дейін белгіленді. Сондықтан тауарлы балық шаруашылығымен айналысу тиімді, – деді ол.

Облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және жергілікті маңызды 207 көл бар. Балық қорын сақтау және оларды жасанды жолмен көбейту мақсатында министрлікке қа­расты Қамыстыбас балық питом­нигінде жыл сайын 15 млн дана балық шабағы өсіріліп, көлдер мен Кіші Аралға жіберілуде.

– Балық шаруашылығы бағдарла­ма­сын жүзеге асыруға 29 млрд теңге қаржы тартылады. Осыған сәйкес 2030 жылға қарай облыстың балық экспортын 2, тауарлы балық өндіру көлемін 111 есе арттырып, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Нәтижесінде 16 шарбақтық, 12 тауарлы балық өсіретін тоған шаруашылығы құрылып, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы іске қосылатын болса, көл-тауарлы су айдындарының саны 55-ке жет­кізіледі, – деді облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды рет­­теу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов.

Осы бағытта құны 6 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба іске асырыла бастайды. Оның ішінде жалпы құны 900 млн теңгеге жылдық қуаттылығы 7 мың тоннаға жететін 3 балық өңдеу зауыты салынып, балықты терең өңдеу кешені кеңейтіледі. Өңірлік бағдарламаға сәйкес 16 мың тонна балықтың 5950 тоннасы (37 проценті) Қамыстыбас көлінің үлесіне тимек.

Аралдағы жиында жергілікті балық шаруашылығы саласының өкілдері жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндады. Мысалы, «Арал СДО» ЖШС алдағы уақытта балық өңдеу цехын кеңейтіп, тауарлы балық көлемін арттырмақ.

– Кіші Арал теңізіндегі 5 учаскенің табиғат пайдаланушысымын. 1854 тонна балық аулау лимиті бекітілген. 20 адамды тұрақты және 100 адамды маусымдық негізде жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Сонымен қатар, Арал ауданында «Тауарлы балықты өсіру және өңдеу кешенін кеңейту» жобасын қолға алып, балық өңдеу цехын кеңейтіп, көксерке өсіру мен тоғандық шаруашылықты дамыту ойда бар, – деді шаруашылық басшысы Ә.Әйімбетов.

Ал жылына 2 мың тонна балық өнімін шығаратын жеке кәсіпкер Т.Игіліков биыл 5-6 млн шабақ өсірмек.

– Өткен жылы Түркістан облы­сындағы тауарлы балық өсіру жұмысымен танысып, тәжірибе алмасып қайттық. Оң тәжірибесіне қызығушылық танытып, оны өзіміз де қолданысқа енгізуге дайынбыз. Өңірлік бағдарлама осы салада еңбек етіп жүрген бізге көп көмегін тигізетініне сенеміз, – деді ол.

Арал теңізінің құрғаған табанында бүгінде фитоорманмелиорациялық жұмыс жүргізілуде. Айта кетейік, оның көлемі – 4,6 млн гектар. 2,2 млн гектары Қазақстанға, 2,3 млн гектары Өзбекстанға тиесілі. Жыл сайын теңіз ұлтанынан 100 млн тонна тұз бен шаң көтеріліп, мыңдаған шақырымға таралады. Бір түп сексеуіл 4 тонна көшкін құмды тоқтатуға ықпал жасайды.
– Арал маңындағы экологиялық апат аймағы Мемлекет басшы­сының ерекше бақылауында. Теңіз табанының тұзы мен жылжымалы құмын тұрақтандырудың экологиялық тиімді және қауіпсіз жолы – байырғы өсімдіктерді егу. Сон­дықтан 2008 жылдан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен Дүние­жүзілік банк, Ғаламдық эко­логиялық қор көмегімен мұнда 195 мың гектардан астам жерге сексеуіл отырғызылды. Осындай жұмысты Өзбекстан да жүргізіп келеді, – деді М.Мырзағалиев.

Жиында аймақ басшысы эколо­гиялық апат салдарымен күрестің маңыздылығына тоқталды.

– Арал дағдарысы теңіз маңын­да өмір сүретін 35 млн адамға әсерін тигізіп отыр. Оның адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптардың бірі екені баршамызға аян. Жойылып бара жатқан теңіз мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Тұздың ұшуын тоқтату және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында кейінгі 29 жылда теңіз ұлтанының қазақстандық бөлігінде 195 мың гектар сексеуіл және басқа да галафитті (шөлейтті жерге бейімделген) өсімдіктер көшеті егілді. Бұл екпелер қазір табиғи жағдайда өсіп көбеюде, – деді облыс әкімі.

Министр Арал маңының эко­ло­гиялық тұрақты дамуына ықпал ету үшін биыл «Арал маңының эколо­гиялық бағдарланған аймақ­тық дамуы» атты аймақтық жоба басталғанын жеткізді. Оған Германияның эконо­ми­калық әріп­тестік және даму федералды министр­лігі 8 млн еуро бөлген. Жоба 2024 жылдың маусым айына дейін Қарақалпақстанда, Өзбекстанның Хорезм облысында және Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылады.

Арал ауданындағы сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова мен Мағзұм Мырзағалиев жергілікті ғалымдармен, тұрғындармен кездесіп, өңірдегі түйткілді проблемаларға, экология мәселелеріне қатысты ұсыныстарды тыңдады. Аралдың экологиялық проб­ле­масын шешуге атсалысуға ғалымдар дайын.

– Алдағы уақытта Арал табанында сексеуіл егудің арнайы бағдарламасы қабылданады. Көршілес Өзбекстанмен тәжірибе алмасу шаралары жалғасады. Ғалымдармен бірлескен экспедиция ұйымдастырылады, – деді министр.

Одан кейін М.Мырзағалиев Қамбаш көлі және «Көкарал» бөгетінің жағдайына көз жеткізді. Сырдария өзені орталық атырауының оң жағалауын алып жатқан Қамыстыбас өзен жүйесінің экологиялық және халық шаруашылықтық мәні зор. Судың аздығынан Сырдария өзені бассейні кейінгі 2 жыл бойы «қоректенбеген». Сол себепті көлдің тек жартысы ғана толып, су жағалаудан 200-300 метрге алыстап кетті.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқа­лықова мен министр Мағзұм Мырза­ғалиев жергілікті халықпен, мамандармен кездесіп, су проблемасына қатысты ұсыныстарды тыңдады.

– Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі судың азаюы ауыл шаруа­шылығына айтарлықтай қиын­дық келтіруде. Облыстың негізгі шаруашылығы – суды көп қажет ететін күріш егісі екенін жақсы білесіздер. Алайда біз жылдан-жылға күріш егісінің көлемін азайтып, ауыл шаруашылық саласын әртараптандыруды бастадық. Осылайша суды үнемдеу жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді аймақ басшысы.

– Су шаруашылығына қатысты жағдай қиын. Шұғыл шаралар қабылдау қажет. Сырдария өзенінің Аманөткел ауылы маңында су торабын салу мәселесін қарау керек. Бұл Қамыстыбас және Ақшатау көл жүйелеріндегі су деңгейін ұстап, толтырып отыруға мүмкіндік береді, – деді министр.

Сонымен бірге Мағзұм Мыр­зағалиев «Көкарал» бөгетін тексерді. Қазіргі уақытта бөгеттің бұзылған 135 метр жерін қалыпқа келтіру үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Оның әрі қарай бұзылуына жол бермеу шаралары жасалады. Жоба «Көкарал» бөгетін сақтап қалуға, осылайша 27 млрд текше метр суымен Кіші Арал теңізін де ұстап тұруға мүмкіндік береді.


syrboyi.kz
27 сәуір 2021 ж. 328 0