Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда балық шаруашылығы комитеті құрылды

Қазақстанда балық шаруашылығы комитеті құрылды

Қазақстанда балық шаруашылығы комитеті құрылды. Үкіметтің қаулысымен экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылымында балық шаруашылығы комитеті құрылды. 

Мамандандырылған департаменттің құрылуы жуырда қабылданған 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді, сонымен қатар, бұл балық өсіру мен балық өнімдерін экспорттау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
"Жаңа комитет алдында бағдарламаны іске асыруға қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемін өндіруді жолға қою, кадрлармен қамтамасыз ету міндеті тұр", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы балық шаруашылығы комитеті 2014 жылы таратылды. Содан бері балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту және ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, осы саладағы функциялар комитет, жергілікті атқарушы органдар және балық шаруашылығы субъектілерінің өзін-өзі басқару органдары арасында бытыраңқы болып, бұл орталықтандырылған тиімді жұмыс үшін кедергілер тудырды.
Жүйелік шараларды қабылдаған кезде балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ, балық экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жоспарда бар. Ол үшін 545 жаңа балық өсіретін шаруашылықтар құрылады, жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылықтар толық жобалық қуатына шығады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев үкімет балық аулау саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады, оның аясында қазақстандықтар балықты екі есе көп тұтынатын болады деп болжағанын айтқан болатын.
08 қаңтар 2021 ж. 693 0