Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерилердің айбыны асқақ

Әскерилердің айбыны асқақ

Елдікті, егемендікті көксеген ел алдымен бірлікті бекем ету керек. Одан кейін алдыңғы қатарда елдің іргесін берік қорғау маңызды. Сонда ғана бейбіт күнді баянды етуге толықтай мүмкіндік туады. Ұрпағы бақытты, болашағы нұрлы болуын аңсаған мемлекет осы екеуін естен шығармаса, әлемді мойындатарына сенімдімін.
Бұл сөзіме елдегі жағдай әбден дәлел бола алады. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1991 жылы ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткіздік. Тәуелсіз мемлекет атанып, байрағымызды тіктедік. Елдікке ұмтылдық. Бұл бірлігіміздің арқасында жеткен жетістік болатын. Ендігі мақсат сол елдікке еге болып қалу болды. Осы тұста жоғарыда айтып өткеніміздей қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірден-бір құрылым Қарулы күштерді құруды қолға алу қажет болды. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Тарихта қалған атаулы күнге биыл 29 жыл толып отыр.
Ал осы уақыт аралығында қандай жетістікке қол жеткіздік? Саралай өтейік. 29 жыл көлемінде Қарулы Күштер биік белестерді бағындырды. Қуатты әскери армияға айналды. Ел шекарысын нығайтуда барынша сақтықпен, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қырағылықпен көзге түсті. Бұған бейбіт жолмен бағындырған белестеріміз куәлік ете алады.
Бірақ сәт сайын дамып келе жатқан бүгінгі кезде бұл көрсеткіш әскери қуаттылықтың шырқау шегі деп айту қателік болар. Заман талабына сай даму білімді, білекті жастардың ендігі мақсаты болуы керек. Себебі Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылып жүрген дамыған елдердің қатарына қосылып, ақылды қала салуда қауіпсіздік басты міндет. Мейлі әуе, мейлі теңіз бен құрлықтан төнер қауіптен сақтансақ алған қойған мақсатқа жетеріміз анық.
Иә, жыл сайын дәл осы күні ұлттық телеарналардан Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әскери шеру көрсетілетін. Тәуелсіздік алған жылдардағы әскери жетістіктеріміз бұқара халыққа осылай таныстырылатын. Бірақ елдегі пандемия жағдайында бұл шараның өткізілмейтіні белгілі. Бірақ қуатты Қазақстанның әскери күші мығымдығы тек елімізге ғана емес, шетелдерге де жақсы таныс.
Жігерлі жастардың отан алдындағы борышын өтеуге жігітке тән жігер мен жүректегі ерлік болса жеткілікті деп қате болар. Сонымен қатар алдыңғы буын ағалардың тәжірибесі де мол сабақ болады. Бұл тарих дәлелдеген өмірлік теорема. Сондықтан бейбіт елдің болашағын қызғыштай қорыған қайсар жастармен қатар әскери зейнеткерлерді де атап өтпесе болмас.
Мәселен әскери зейнеткерлер десе аудандағы осы саланың қариясына айналған Ният Қожаев ардагер бірінші болып еске түседі. Қазірде 84 жасқа толғалы отырған ардагер осы салада 40 жыл қызмет атқарған. Әлі де болса есте сақтау қабілетінің ерекшелігімен танылған Ният Қожаев өз әскерге аттандырған азаматтарды бірден таниды. Оның еңбегін кейінгі буын әскерилерге қанша үлгі етсек де жарасатындай.
Қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ақсақал жастарға өсиет айтудан жалыққан емес. Әскери өмірдің жауапкершілігін түсіндіруді мақсат етеді.
Жалпы әскери зейнеткерлер аудандағы қандай шара болмасын тұрақты қатысып, мектеп оқушыларымен де байланысты үзбеген. Жыл сайын тұрақты түрде оқушылармен жиі кездесіп, жастардай санасындағы париоттық сезімнің сәулесін жағып келеді. Сондықтан болар ауданда әскер қатарына аттанушылардың саны жыл сайын артып келеді. Жоғары оқу орнында оқып жүріп, әскери кафедраларда оқуға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ әрбір 24 жасқа келген ер азаматтарымыз 40 күндік әскери даярлық курсына қатырып, әскери сауаттана алады.
Расында әскерилердің өмірі тұрақтылық пен адалдыққа, сенімділікке, құрметке және бірлікке бағытталған. Сондықтан болар аудан басшылары тарапынан да, аудандық қорғаныс бөлімі басшысы, майор Бауыржан Қуатов пен осы саланың қызметкерлері әркез мерекемен құттықтап, құрмет көрсетуді естен шығарған емес. Міне, осы азаматтардың осындай тәрбиесін көре отырып және өзіміздің шыңдалған шағымызды еске ала отырып, балаларымызды, немерелерімізді де осы салада еңбек етуге тәрбиелеп келеміз. Елдің егемендігі жолында қауіпсіздікті басты мақсат еткен азаматтар көп болса, мемлекеттің тәуелсіздігі баянды, тұғыры биік болатыны айқын.

Жақсыбай ЖҰҚАБАЕВ,
Арал қаласы әскери зейнеткерлері төрағасы
07 мамыр 2021 ж. 330 0