Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Депутаттар «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы заңды мақұлдады

Депутаттар «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы заңды мақұлдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңның жобасы мақұлданды.
Мәжiлiсте Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин аталған заңның жобасын таныстырды.

«Байқоңыр» кешені Ресей Федерациясының жалға алу жағдайында 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Жалға беру туралы шешім 1994 жылы қабылданды. Бұл кезде Қазақстанның ауыр экономикалық жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұстау және пайдалану мүмкіндігі болмады. Жасалған жалдау шартына сәйкес Ресей Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын өзінің ғарыштық бағдарламаларын орындау үшін пайдалану құқығымен ұстау жөнінде міндеттеме алды, - деді ол.
Мусин атағандай, жалға беру шартына сәйкес «Байқоңыр» кешенін жалға беру мерзімін келесі 10 жылға ұзарту мүмкіндігімен Ресей Федерациясына 20 жылға жалға берілді.

Жалға беру шартынан басқа «Байқоңыр» кешенінің қызмет етуінің түрлі мәселелерін реттейтін тағы 70-ке жуық халықаралық шартқа қол қойылды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы сақталып, ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Республикалық бюджетке жыл сайын «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн АҚШ доллары сомасында қаржы түседі, - деп министр түсіндірді.
Сонымен қатар «Байқоңыр» кешенін жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд АҚШ доллары түсті.

Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, 2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. 2020 жылы қаңтарда қол қойылған «Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді» бағдарламасы әзірленіп, іске асырылып жатыр. Ол кәсіпкерлікті, туризмді дамытуды, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі жұмыстарды көздейді, - деді Мусин Мәжілісте.
Оның сөзінше, көппәтерді үйлерді газбен қамтамасыз ету аяқталды. Бұл тұрғындар үшін газ тарифін 16 есеге төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ көпбейінді аурухана ашылды.

2019-2020 оқу жылында қазақстандық ортақ мектеп базасында екі 1-сынып ашылды. Сонымен бірге қазақстандық білім беру стандарттары бойынша екі жеке балабақша ашылды. 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі 5 тұрғын-үй салынып, азаматтарға бөлінді, - деп айтты Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі.
1994 жылғы ҚР Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттамаға 2019 жылы Петропавл қаласында қол қойылды.
ҚР заңын қабылдау республикалық бюджеттен түсетін кірістердің қысқаруына немесе шығыстардың ұлғаюына әкеп соқпайды.

Бұған дейін Мәжілістің «Байқоңырдан» зымырандарды ұшыруға қатысты заңды Сенатқа жолдағаны хабарланды.

baq.kz
12 мамыр 2021 ж. 369 0