Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Константин Бусыгин: Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанға қайтарылады деген ақпарат жалған

Константин Бусыгин: Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанға қайтарылады деген ақпарат жалған

Байқоңыр қаласының басшысы Константин Бусыгин жергілікті басылымға берген сұқбатында Ресей Федерациясы жалға алған Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағы жуырда Қазақстанға қайтарылады деген қауесетті жоққа шығарды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Өкінішке орай, әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын, кейде тіпті қасақана жалған ақпарат жиі тарайды", - деп атап өтті Бусыгин.
Ресей мен Қазақстан президенттері қол қойған "Байқоңыр" кешенін жалға алу туралы келісімшарт мерзімі 2050 жылға дейін, оны ешкім бұзған жоқ, деп атап өтті ол.
Ресей Байқоңыр ғарыш айлағы мен қаланы дамытуға мүдделі екенін 26 тамыз күні Мәскеуде өткен Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының алтыншы отырысы кезінде растады, деп мәлімет берді қала басшысы.
"Осы отырыста Байқоңырда Қазақстан тарапы салған және қаланың тұрғын үй қорына қосылатын бес  үйді Ресейге жалға беру мәселесі қаралды. Сол себепті Байқоңыр мәртебесінің жуырда өзгеретіні туралы қауесетке еш негіз жоқ", - деп сендірді Бусыгин.
Оның айтуынша, Байқоңыр алдағы уақытта Қазақстан тарапымен келісілген арнайы бағдарлама бойынша дамиды.
Бұл бағдарламаның жобасы сонау 2017 жылы әзірленіпті.
"Соңғы екі жылда экономиканың айтарлықтай өзгеруіне байланысты Қазақстан тарапы бұл жобаға өзгерістер енгізіп жатыр", - дейді Бусыгин.
Қазір бағдарламаны Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қарап жатыр, бекітілген соң Ресей тарабына жолданады, деп атап өтті ол.
Бусыгиннің айтуынша, қала әкімшілігінің жоспарында тұрғындардың өмір сапасы мен деңгейін көтеруге, сондай-ақ Байқоңырдың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді жобалар бар.
https://kyzylorda-news.kz/news/kogam/30597-konstantin-busygin-bayoyr-arysh-aylay-azastana-aytarylady-degen-aparat-zhalan.html
19 қыркүйек 2019 ж. 2 674 0