Республикалық олимпиада жүлдегерлері марапатталды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев оқу жылының қорытындысы бойынша жалпы білім беретін пәндер бойынша Халықаралық және республикалық олимпиадада жүлдегер атанған оқушыларды қабылдады.
Аудан басшысы 2020-2021 оқу жылында ерекше дарындылығымен танылып, білім додалары мен ғылыми жобалар сайысында жүлдеге ие болғаноқушыларды құттықтап, марапаттарын табыс етті.
Сонымен қатар, оқушылардың аудан абыройын асқақтатып, республикалық сайыстан олжалы оралуы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының елеулі еңбегі екендігін атап өтіп, балалардың алдағы уақытта да оқуда озат болуына тілектестігін білдірді.
Атап айтар болсақ, №220 орта мектептің 10 сынып оқушысы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы - Дилара Аманбайқызына ІІІ дәрежелі диплом, №83 орта мектептің 9 сынып оқушысы, республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы - Мерей Мейірімханқызына ІІІ дәрежелі диплом, №262 мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының Халықаралық конкурсының жүлдегері - Сұлтанай Еркінұлына ІІ дәрежелі диплом, №14 мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы, республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы - Еңсепбайқызы Назеркеге І дәрежелі диплом мен сыйлықтар табысталды.
Оқушылардың білім бәсекесіндегі жобаларына жетекшілік еткен пән мұғалімдері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
"Толқын" ақпарат