Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасының БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары тапсырылды

Елбасының БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттары тапсырылды



Бүгiн Ақордада ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова ҚР Президентiнiң бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсырды және Алғысын жариялады. Ақшалай жүлденiң жалпы қоры 14 млн 430 мың теңгенi құрады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Рәсiм барысында Гүлшара Әбдiқалықова сыйлық лауреаттары мен грант иегерлерiн, Мемлекет басшысының алғысын алған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ Қазақстанның барша журналистер қауымын кәсiби мерекесi – Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерi күнiмен құттықтады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ саласын заман талабына сай дамыту мәселесiне ерекше көңiл бөлетiнiн бiлесiздер. Мемлекет тарапынан көрсетiлiп келе жатқан жүйелi қолдаудың арқасында егемен елiмiздiң мүддесiне қызмет ететiн ұлттық баспасөз қызметi қалыптасты. Жаһандану, ақпараттық технологиялар мен цифрландыру дәуiрiнде медиа саласының бәсекеге қабiлеттi болуы аса маңызды. Журналистер қауымы Елбасының бастамаларын халыққа жеткiзу, мемлекеттiк саясатты түсiндiру, қоғамдық пiкiр қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамыту iсiне лайықты үлес қосуда. «Баспасөз - өмiр айнасы» деген қанатты сөз бар. БАҚ өкiлдерi ел iшiндегi және әлемдегi әлеуметтiк-экономикалық үдерiстер мен қоғамдық-саяси оқиғаларды сараптап, оларды оқырман қауымға уақытылы әрi сапалы жеткiзiп келедi. Қоғаммен бiрге өмiр сүрiп, қоғаммен бiрге тыныстайтын журналистер қауымы Мемлекет басшысы белгiлеген стратегиялық мақсат-мiндеттердi, соның iшiнде «Рухани жаңғырудың» маңызын кеңiнен жариялап бередi деп сенемiз. Отандық журналистер, баспагерлер, телевидение мен радио қызметкерлерi ақпарат жеткiзумен қатар, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпiр қызметiн де атқарады. Шығармашылық саласындағы дәл осы адамдар елiмiзде және әлемде болып жатқан маңызды оқиғалар жөнiнде бәрiне бұрын бiлiп, жұртшылыққа жеткiзiп отырады», - дедi Г.Әбдiқалықова.
Сонымен қатар, Мемлекеттiк хатшы елiмiзде кейiнгi жылдары БАҚ саласында бәсекелестiктiң артқанын, шығармашылық бастаманың жанданғанын айтты. Сондай-ақ, ол осы сала мамандарынан жоғары кәсiбилiк талап етiлетiнiн тiлге тиек еттi.
«Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн ынталандыру мақсатымен Елбасының арнайы сыйлығы жарияланды. Бүгiн қалыптасқан дәстүр бойынша ерекше көзге түскен журналистер мен үздiк шығармашылық ұжымдарды марапаттап отырмыз», - дедi Әбдiқалықова.
Мемлекеттiк хатшының айтуынша, биыл ақшалай жүлденiң жалпы қоры 14 млн 430 мың теңгенi құрады. Сыйлық лауреаттары 4 млн 215 мың теңгеден, ал грант иегерлерi 3 млн теңгеден алады.
Мемлекет басшысының өкiмiмен Президент сыйлығы «Informburo.kz» интернет-порталының бас редакторы Михаил Дорофеевке, «Астана» республикалық телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбайға берiлдi.
Гранттар «Хабар» республикалық телеарнасының сараптамалық бағдарламалар бөлiмiнiң тiлшiсi Айгүл Әдiловаға, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Мейiржан Жиенәлiге тапсырылды.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң алғысы «Алматы» телеарнасының, «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетiнiң, «Балдырған» республикалық балалар журналының, «Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясының» шығармашылық ұжымдарына жарияланды.



















  Фото: Бауыржан Жуасбаев




baq.kz​​​
27 маусым 2018 ж. 936 0