Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова Аралдағы Аманөткелдің жағдайымен танысты

Гүлшара Әбдіқалықова Аралдағы Аманөткелдің жағдайымен танысты

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің батыс аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар елді мекендерді аралады.
Аймақ басшысы алдымен Арал ауданына қарасты «Сыры көл» аймағындағы мәселеге назар аударды. Аманөткел ауылына қарасты «Лай көл», «Сары көл», «Қамыстыбас» көлдерінің суы жағадан 500 метр жобасында тартылып, жиегі балшыққа айналған. Су ішуге барған төрт түлік ұйыққа батып, көл жағасында өлген малдың өлекселері көбейген. Жердің қуаңшылығы мен жаңбырдың болмауы жайылым көлемдерін азайтқан. Көл суларының сарғайып ластануына байланысты жағымсыз иіс төрт түліктің су ішуіне қиындық тудыруда.
Осыған байланысты Аманөткел ауылдық округі әкімінің аппаратының ұйымдастыруымен ауылдық елді мекендегі ерікті жастардан арнайы топ құрылған. Арнайы топ осы тұстарда үй жануарларының суға батып кетпеуін қадағалап келеді. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария өзеніндегі судың аз болуы көптеген салаға қиындық тудырып жатқанын айтып, мәселені шешу бағытында шаралардың атқарылып жатқанын сөз етті.
«Сырдария өзеніне судың аз түсуі ауылшаруашылық саласына айтарлықтай қиындық келтіруде. Біз осы мәселені шешу бағытында тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Жақында өңірімізге арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов трансшекаралық өзендегі мәселеге қатысты мемлекетаралық келісімдердің жасалып жатқандығын айтты. Сондықтан су тапшылығы проблемасы алдағы уақытта шешімін табады деп үміттенеміз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Аманөткел ауылдық округіндегі жағдаймен танысқаннан кейін аймақ басшысы орынбасары Бақыт Жахановқа мәселені күн тәртібіне шығаруды жүктеп, аудан әкімі Серік Сермағанбетовке облыстық экология департаменті мен төтенше жағдайлар департаменті және құзырлы органдармен бірлесіп мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын қарауды тапсырды.


kyzylorda-news.kz
27 мамыр 2021 ж. 576 0