Аралдықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Биыл ел тарихындағы осынау бір зобалаң жылдар таңбасымен қалған ашаршылыққа 89 жыл, қуғын-сүргіннің етек алғанына 84 жыл толып отыр.
Осы орйда бүгін аудан орталығында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған “Жазықсыз жапа шеккендер» атты митинг өтті. Аталған митингіге аудан әкімі Серік Сермағамбетов, аудандық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудан ардагерлері және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қатысты.
Шара қазақ басына қасірет әкелген сонау нәубетті жылдардағы азапты бейнелейтін театрландырылған көрініспен бастау алды. Мұнан әрі, құрбандар рухына Құран бағышталып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Сол бір зұлматты жылдарды ел жадында қайта жаңғыртқан шарада сөз алған аудан әкімі С.Сермағамбетов: «Біз қазір қайғыра, өкінішпен еске алып отырған ата-бабаларымыз, халқына жанашыр болған азаматтарымыз сол тарихи кезеңнің қатал тоталитарлық саяси режимінің өршіп тұрған уақытының құрбанына айналып кете барды. Ал, осыншама қасіреттің, нәубеттің тарихын, маңызын білмей, біз бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, құндылығын түсіне алмаймыз. Жалпы кез-келген ұлт өзінің тарихынан тағылым алып, қайдан шыққанын, қайдан келе жатқанын ұмытпауы керек. Сондықтан ұлтымыздың қаралы да қасіретті тарихын ұрпақтарымызға жеткізу — біздің міндетіміз», – деп айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.
Одан әрі аудан ардагері Қуанышбай Ердіқалықов Тәуелсіздік жолында аяусыз зорлық-зомбылық көрген Алаш азаматтарының ерлігіне ерекше тоқталып, аралдықтардың да басына түскен қилы кезеңнің естеліктерін тарихи деректерге сүйене отырып еске алды.
Тар жолда тайғақ күн кешкен құрбандар рухына арналған шарада бас қосқан аралдықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі