Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Боздақтар рухына тағзым

Боздақтар рухына тағзым

Кеше Арал халқы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған «Ұмытылмас тағдырлар» атты митинг өткізді. Нәубетті жылдары жазықсыз құрбан болған аталарымызды санада қайта тірілтіп, үнсіздікпен еске алды. Ел жадынан өшпетін қасіретті жылдары миллиондаған адам айдалып, сотталды. Олардың ішінде қазақ елінің көрнекті тұлғалары мен Алаш арыстары да бар еді.
Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында өткен шара театрландырылған көріністен басталды. Одан соң аудан әкімі М. Оразбаев көпшілікке қасіретті жылдардың халқымызға әкелген апаты жайлы айтып өтті.
– Саяси қуғын-сүргін қаншама жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Олардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, туған жерге деген патриоттық сезімін ояту біздің басты міндетіміз, – деді.
Атап өту қажет, осыбір азапқа толы жылдары Арал ауданынан 400-ге жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, 193 адам ақталып шыққан. Олардың ішінде Әбдірахман Махатов, Жұбаназар Бекенов, Нығмет Битенов, Әбдіжәми Бектұрғанов, Нұрмағанбет Қосжанов сынды ел перзенттері де бар.
Шара барысында аудандық бөлімдер мен мекеме қызметкерлері құрбандар рухына тағзым етіп, ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, боздақтар рухына құран бағышталды.
М.ҚҰРМАНӘЛІ
31 мамыр 2019 ж. 1 321 0