Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰДІРЕТТІ АСПАБЫ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰДІРЕТТІ АСПАБЫ

Сан ғасырлардан бері атабабаларымызға рухани сүйеніш болған қазақ халқының сүйікті музыка аспабы – домбыраның орны ерекше. Бабаларымыз домбырамен сырласқан, мұңдасқан. Қуанышы мен күйінішін домбыра әуені арқылы жеткізіп отырған.
Уақыт сынынан өткен қазақтың саф алтындай халық әндері мен күйлері елдің рухани азығы болып осы күнге жетіп, бұрынғыдан да маңызы арта түсуде. Халықтық шығармаларды орындағанда домбыра аспабы үнемі алдыңғы орында тұрады. Әрбір қазақ домбыраны өзінің киелі де қастерлі мүлкіндей көріп, шаң тигізбей, үкі тағып, төріне іліп қойған.
Домбыра аспабының жасалуы қарапайым, тартуға ыңғайлы, салмағы жеңіл. Қазақтың ән-күйін жинаушы, белгілі фольклорист музыкант А.Затаевич: «Домбыраны тыңдағанда, оның жақыннан жетіп отырған әлсіз дыбысын есітіп емес, оны алыстан ұлы дүрсілдің талып жетіп отырған әуені деп түсіну керек» деп, жоғары баға берген еді. Домбыра аспабында ойнапүйрену аса қиындық тудырмайды. Үйренгісі келген адам зейін қойып талпынса, аз уақыттың ішінде аспапта ойнап кете алады. Мен бала кезімнен домбыраны үйренуге қатты қызықтым. Домбыра тартатындардың жанынан қалмаушы едім. Есейе келе, қызығушылығым еселене түсті. Музыка пәнінің мұғалімі мамандығын игергеннен кейін де қолымнан домбыра түскен емес. Рухани серігім болды. Аудандық Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестріне қатысып, домбырада ұзақ жылдар ойнадым. Қазір жыраулар үйі жанынан құрылған «Ұлағат» ансамбліне қатысып, домбыра аспабында ойнап жүрмін.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері домбыра аспабы мемлекет тарапынан кеңінен насихатталып келеді. Алдағы уақытта үлкен-кіші демей, қазақтың ұлттық сүйікті аспабы домбыраны үйренуге мән беріп, көпшілік одан рухани ләззат ала білсе деген тілегім бар.
Дабыл ОМАРОВ
01 шілде 2018 ж. 4 213 0