Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ОДАН АСҚАН ЖОҚ ШЕЖІРЕ, ЖОҚ ДАНА...

ОДАН АСҚАН ЖОҚ ШЕЖІРЕ, ЖОҚ ДАНА...

Домбыра – қазақхалқыүшінқастрелідүниелердіңбірі. Халқымыз мұң-зарында, жұбаныш-қуанышын да қара домбыраның қасиетінен тапқан. Күй –қазақтың жан серігі, мұңдас, сырласы. Тәңірім домбыраға әу баста-ақ қазақтың тілі болуды, қазақтың үні болуды еншілеп сыйлаған.
«Домбыра, мұнша шешен болдың
неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің, Саусағым тиіп кетсе ішегіңе» деп, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов күйдің көнекөз қариядай шежірешілдігін сүйсіне жырлайды. 2014 жылы ықылым замандардан бері жер-жаһан танып, бірегей құбылыс ретінде мойындалып келген қазақтың күй өнерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп, бүкіл адамзаттың асыл қазыналарының қатарына қосылуы мерейімізді бір асырған еді.
Атақты Махмұд Қашқари өзінің «Диуанилұғат-ат-түрік» деп аталатын түркі тектес сөздерінің жинағында «күй» сөзінің көне түркідегі «көк» сөзінен шыққандығын, тәңір мағынасындағы «көкпен» көгендес, тамырлас екендігін зерделеп айтқан. Көне ғасырда Қорқыт, ХІІ ғасырда Кетбұға, ХІV-XV ғасырларда Асан Қайғы, ХV ғасырда Қазтуған, ХVІ-ХVІІ ғасырларда Байжігіт, ХVІІІ ғасырда Абылайхан, ХІХ ғасырдың бас кезінде Боғда, Махамбет, одан әрі Тәттімбет, Құрманғазы, Абыл, Тоқа, Ықыластар қазақтың күй өнерінің көшін түзеді, даңқын шарықтатты. Бұларға жалғас, Қазанғап, Байсерке, Шортанбай, Тіленді, Дайрабай, Өскенбай, Мәмен, Дина, Аққыз, Сүгір, Сейтек және өзге де күйшілер күй өнерін елдік биік өреге көтерді. Олардан кейінгі әр ғасырда, әр жылдарда дарынды күйші, дәулескер домбырашылар қазақ күй өнерінің даңқын асырып, әлемге танытты. Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Қали Жантілеуов, Қаршыға Ахмедьяров сынды саңлақтар шықты. Қазақтың бүгінгі заманауи асқақ өнері опера да өзінің бастауын күйден алған. Е.Брусиловский «Қыз Жібекте» «Ақсақ құланды», М.Төлебаев «Біржан-Сарада» «Соқыр Есжанды», Е.Рахмадиев «Алпамыста» «Құдаша» күйлерін пайдаланған.
Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, күйдің рухы биік. Күй –біздің ең әлеуетті ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз. Рухани жаңғыру бағдарында айтылғандай, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру да болмайды. Қазақ мемлекеттігінің дербес даму үлгісіне, әсіресе, күйдің қосар даралық сипаттары мол болмақ. Осы ретте, ұлттық рухымыз мәңгі сақталсын десек, ұрпақ бойына күй мен домбыраға деген махаббатты дарытуымыз керек.
Президенттің Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленіп, мәдениетімізді бір асқақтатты. Енді жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің де көш басында жауһар күйлеріміздің тұрары анық. Себебі, күй – қазақтың елдігін, көңілінің кеңдігін білдіреді. Күйді жай ғана музыкалық жанр десек қателесеміз. Ол – сан қырлы, сан сырлы күрделі шығарма. Күйдің әуендік-түрлік құрылысы мен ырғағының, орындалуының өзгешелігі де назар аударарлық. Құрманғазының күйлері жігерлі, екпінді келсе, Дәулеткерейдің шығармаларында сезім мен нәзіктік басымырақ. Тәттімбетте қоңыр әуен байқалады. Ал, Қазанғап күйлері жеңіл әрі ойнақы төгіледі. Күйдің ғажаптығы сол, өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Кеңес қыспағындағы қатал кез­ дерде заңғар жазушы М.Әуезовтің «Қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп күңіренуінде үлкен мағына бар еді. Бұдан қазақтың арда ұлдарының қиналған шақтардағы қорғаны күй болғандығын сеземіз.
Қазақтың ұлан-байтақ даласы, Алатауы мен Қаратауы, Сарыарқасы мен Саржайлауы – қазақтың күйлерінде көрініс тапқан. Әйгілі әнші Р.Рымбаеваның шырқайтын «Домбыра» әнінде «Күй ойнайды қазағымның қанын­ да, күй ойнайды қазағымның жанында» деп келетін керемет жыр жолдарын тың­ дағанда, еріксіз тебіреністі күйге түсіп, рухтанатынымыз рас.
Мен Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегімін. Бірегей өнер ордасында Қ.Байбосынов, А.Алматов, Е.Басығараев, Ә.Сығай сынды өнер тарлан­ дарының алдынан өмірлік сабақ алдым. Өзімді өнерге қанаттандырған аудандық балалар өнер мектебінде шәкірттерге домбыра сыныбында дәріс беріп келе жатқаныма да бірнеше жылдың жүзі болды. Қуанатыным, жеткіншектердің домбыраға деген құмарлығы жақсы. Бірнеше шәкіртім республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. Жастарды отаншылдық пен өнерге тәрбиелеуде қазақ күйінің маңызы ерекше. Шетелдегі қандас­ тарымыздың «Домбыра үнін естігенде елге келгендей күй кешеміз» деуі де бекер емес. Әрбір үйдің төрінде киелі домбыра ілулі тұрса, оның өзі бір байлық емес пе? Күй күмбірін тыңдап өскен баланың жаны да таза болатыны даусыз. Ұлттық домбыра күнінде әр шаңырақта күй тартылып, ұжымдарда түрлі шаралар ұйымдастырылса, қандай жарасымды болар еді. Ұмыт қалыңқыраған қаншама күйлердің бағы жанар еді. Ұлтымыздың рухы асқақтар күнге дайындықты осы кезден бастасақ, кәнеки.
Қуаныш НҰРМАХАНОВ,
аудандық балалар өнер мектебінің мұғалімі.
01 шілде 2018 ж. 2 049 0