Сыр бойының 90 мыңнан астам тұрғыны екпе алды
Індетке қарсы екпе басталған ақпанның алғашқы күнінен бастап Қызылорда облысында 95963 тұрғын вакцина алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Олардың арасында аудандарда тұратындардың үлесі басым болып тұр. Облыста вакцинациялау бойынша 106 егу пункті, 39 жылжымалы егу бригадасы бар. Осындай бригадалар қосымша облыс орталығындағы «Қорқыт Ата», «Aray City MALL» және «Жібек жолы» сауда орталықтарында ашылған. Мамандар есебінше карантин талаптары жеңілдеуі үшін облыстағы сегіз жүз мыңнан астам тұрғынның 371 мыңы екпе алуы керек.
8 маусымның өзінде облыс аумағында 2641 адам екпе салдырған. Бұрындары мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала өкілдері көптеу болса енді қарапайым тұрғындар да қауіптің алдын алудың қамын жасай бастағаны аңғарылады.
Күні кеше облыс орталығындағы «Сенім» ЖШС емханасына бардық. Емхана есебінде 23 204 қала тұрғыны бар екен. Оның 15 229-ы ересектер болса, диспансерлік есепте тұратындары 2 851. Он сегіз жасқа дейінгілер саны 7 759 болып тұр.
Вакцинация басталғалы бері емханаға қарасты халықтың 2049-ы бірінші компонентін алыпты. Екінші бөлігін 796 адам салдырған. Мұнда келген адамды әуелі дәрігер қарап, оператор оның деректерін модульдік базаға енгізеді. Дәрігер рұқсатынан кейін вакцинаторлар екпе салады. Бастапқыда күніне 200 адамға дейін келген күндері болыпты. Қазір сәл саябырсыған.
– Осы күні 60-70 адам екпе салдыруға келеді. Бұрындары вакцина таңғы сағат сегізден кешкі алтыға дейін салынатын, қазір оның уақытын ұзарттық. Күні бүгінге дейін емханадан қызмет алатындардың басым бөлігі екпе салдырды. Жыл аяғына дейін олардың қатары 80 пайызға жетеді деген ойдамыз, – дейді «Сенім» ЖШС емханасы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Арғынбаева.
Емханаға екпе салдыруға келген тұрғынның бірі Ақыл Шегебаев «Спутник V» вакцинаның бірінші компонентін 18 мамырда алыпты. Жер жүзіндегі жаңалықты қалт жібермей қадағалап отыратын ол вакцина алған тұрғындары көбейген елдерде дерттің төмендей бастағанын аңғарыпты. Осыдан кейін өзі де екпе алуға бел байлаған.
Мамандар «Ashyq» қосымшасы іске қосылғалы бері екпенің керектігін түсінгендер қатары көбейгенін айтып отыр. Жалпы вакцина салдырғандар қатары 70-80 пайыздан асқанда дерттің демі қайтады.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ