Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда өнеркәсіп саласы өсім алды

Ауданда өнеркәсіп саласы өсім алды

1993 жыл. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін Арал ауданында жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады. Әрине алғашқы жылдар ел үшін қиындық туғызғаны жасырын емес. Десе де, халық тұрмысын тұралатпау жолында ілкімді істер қолға алына бастады. 1993 жыл халыққа қандай жаңалық алып келді, бұл жылы қай салада ілгерілеу болды? Тиісінше қай сала тұралап қалды? Ендеше мұрағатта көрсетілген мәліметтерге сүйенейік.

1993 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму салаларының негізгі көрсеткіштерінің орындалуына жан-жақты талдау жасап, осы жылы ауданның нарық қатынастарын, экономиканы тұрақтандыру, халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау, тәртіпті нығайту, жұмысшылардың ұйымшылдығын арттыру бағытында ауданда атқарылған жұмыстарды саралап көрген едік.
1993 жылы аудан өнеркәсіп мекемелері 15452,3 мың теңгенің тауарлы өнімін өндіріп, оның ішінде Арал вагон жөндеу зауытында өндіріс көлемі 1992 жылмен салыстырғанда 127,2 пайызға, «Ажар» тігін фабрикасында 114,6 пайызға, аудандық баспаханада 130 пайызға артқан.
Ауыл шаруашылығында ауданымыз қозы алудан облыс бойынша бірінші орынға шығады. Аудан шаруашылықтары әрбір жүз аналықтан 109 қозы, 74 құлын, 43 бота, 57 бұзау алып, өткен жылмен салыстырғанда 27 бас қозы,   15 құлын, 7 бота, 20 бұзау артық алынған.
Жыл ішінде аудандағы құрылыс мекемелері бгойынша 2980 мың теңгенің жалпы мердігерлік құрылыс жұмыстары орындалған. Қаржыландырудың барлық көздері бойынша 21041 шаршы метр тұрғын үй салынып, 280 орындық балабақша пайдалануға берілген.  Арал қаласынан сыйымдылығы 10 мың текше метрлік су қоймасы, ұзындығы 26 километрлік Шижаға-Күршек су құбыры іске қосылған.
1993 жылы елдегі күрделі мәселеге қарамастан, халықты әлеуметтік қорғау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жалғызбасты қарттарға, көп балалы жанұяларға, мүгедектер мен зейнеткерлерді қолдау мақсатында тиімді шаралар ұйымдастырылып, қаржылай көмек те көрсетіледі.
Десе де, жекелеген кәсіпорындар мен шаруашылықтарда ұйымдастыру, басшылық жасауда кемшіліктер орын алды. «Аралбалық» өндірістік бірлестігінде 390 тонна балық  1992 жылмен салыстырғанда кем ауланған. Мал шаруашылығының өзінде етке өткізілген мал басының орташа салмақтары кеміп, жыл қорытындысы бойынша 3100 центнер сүт өткен жылдан аз өндірілген.
Қысқа түскен мал саны өткен жылдан аз болғанымен, аталған шаруашылық басшыларының немқұрайлылық танытып, қысқа дайындығының нашар болуынан қыстаудың күйі сын көтермейтін халге жеткен еді. Бұл кезде егіншілікпен айналысқан шаруашылықтардың да тірлігі құлдырап қалған-ды.
Осылайша 1993 жылы ауданда орын алған елеулі оқиғалар мұрағаттарда қатталып қалды. Не десек те, болашаққа сенім артқан халықты сабырға шақырып, елдің жағдайын түзетуге атсалысқан сол кездегі ел басқарған басшылардың, әсіресе аудан әкімі Биғали Қаюповтың еңбегі ерекше болды.

 Н. МАРАТҚЫЗЫ
22 маусым 2021 ж. 484 0