Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі С. Сермағамбетов алғашқы аппарат мәжілісін өткізді

Аудан әкімі С. Сермағамбетов алғашқы аппарат мәжілісін өткізді

Кеше аудан әкімі С.Сермағамбетовтың төрағалығымен әкімдіктің алғашқы аппарат мәжілісі өткізілді.
Күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 4 айдағы қорытындысы және кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер жайы талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Т.Рашев хабарлама жасап, 4 айдағы атқарылған жұмыстардың барысын баяндап өтті. Белгілі болғандай, есепті мерзімде ауданға 1,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 379 млн теңге құрап 8,5 есеге артық орындалса, салынған жеке тұрғын үйлер көлемі 2,7 пайызға артқан.
Өнім өндіру көлемі қалыпты жағдайда өсім алса, өңдеу өнеркәсібінің өнім түрлерінен балық өнімдерін өндіру көрсеткіші төмендеген. Бұдан бөтен 19 аса маңызды азық-түлік тауарларының 6-ның бағасы өткен жылмен салыстырғанда өскен. Денсаулық саласында туу көрсеткіші 54 балаға артқан болса, қатерлі ісікпен алғаш тіркелгендер саны жоғарылап, ауданда тіркелген қылмыстар саны да өсім алған.
Осы және өзге де баяндалған жұмыстардың көрсеткіштеріне куә болған аудан басшысы төмен көрсеткіштер бойынша жүйелі жұмыстар жасап, индикаторлар бойынша жұмыстарды күшейту және қылмыстық ахуал, соның ішінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында профилактикалық шараларды жандандыру қажет екендігін алға тартты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Р.Бисембаев сөз алып, аудандағы кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы хабарлама жасады.
Ауданымызда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4119 болса, оның ішінде жұмыс жасап тұрған субъектілер саны 3635-і құрап отыр. Жыл басынан бері ауданымызда қаржы институттары арқылы 1149,9 млн теңгенің 74 жобасы қаржыландырылса, 276,7 млн теңгенің 45 жобасы мақұлданған.
Дегенмен, алдағы уақытта аудан аумағында инновациялық жобаларды көптеп дамыту мәселесі күн тәртібіне түспейтіндігін айтқан аудан басшысы әр сала бойынша өңірге қажетті деген ұтымды жобаларды ұсынуды тапсырды. Бұл шаралар кәсіп жасауға ниетті жергілікті халықты қолдауға септігін тигізіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеттің артуына өз әсерін беретіндігін ерекше атап өтті.
Жиын барысы одан әрі өңірдегі қуаңшылық жағдайына ауысып, аталған мәселені шешу бағытында қолға алынған шаралар мен атқарылуы қажет жұмыстар кеңінен талданды.
Аппарат мәжілісінің қорытындысымен аудан әкімі әр сала жетекшілеріне жұмысты сапалы әрі уақытылы атқару жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
05 маусым 2021 ж. 432 0