Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әріптесіміз құрмет төрінде

Әріптесіміз құрмет төрінде

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысып, БАҚ қызметкерлеріне құрмет көрсетті.
Аймақ басшысы ұлттық рухты қалыптастыруда, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар бастамалардың өміршеңдігіне елеулі үлес қосып жүрген журналистердің еңбегін айрықша атап өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде елдің дамуына БАҚ өкілдерінің ерекше ықпал еткенін тілге тиек етіп, төл мерекеде тілшілерге ақжарма тілегін арнады.
«Бүгінгідей ақпарат тасқыны алапат дәуірде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген, қалам қасиетін ардақ тұтқан журналист қауымына жақсы тілектерімізді айту үшін жиналып отырмыз. Өздеріңіздей туған жердің тарихын қадір тұтып, бүгінгісіне марқайып, ертеңіне алаңдайтын қауыммен жүздесуді сағынып қалғанымыз да рас. Ұлт болып ұйысуға, мемлекет болып ілгерілеуге бағытталған елдік шаруаларға, Елбасы бастамалары мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін өздеріңізге риясыз алғысымызды айтамыз.Төтенше жағдай кезінде дәрігерлер, күштік құрылым қызметкерлері сапында сіздер де жүріп, ең қиын сәттерде шынайы ақпарат тараттыңыздар. Ресми органдар мен бұқара халықтың арасында алтын көпірге айналып, ағайынның ауызбірлігі, қалтқысыз сенім, қиналғанда бір-біріне қол созған қайырымды жандар туралы көрсетілім, мақала жаздыңыздар. Сол үшін де сіздерге Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымызды білдіреміз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кәсіби мерекеде ақпарат саласының дамуына қызмет етіп, өңірдің өркенді істері мен айшықты сәттерін бұқараға насихаттап жүрген бірқатар БАҚ өкілдері марапат төрінен көрінді.
Салтанатты шарада 4 журналист ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Құрмет грамотасымен», 6 журналист облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», 20 журналист арнайы номинациямен, 11 журналист облыс әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.
Осылайша кәсіби мерекеде ақпарат саласының дамуына қызмет етіп, өңірдің өркенді істері мен айшықты сәттерін бұқараға насихаттап жүрген бірқатар БАҚ өкілдері марапат төрінен көрінді. Бұл ретте аралдық қаламгер "Толқын" газетінің бас редакторының орынбасары Алтынбек Бисенов облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, құрмет төрінен көрінді. .
Әріптестерімізді алған марапаттарымен ұжым атынан құттықтаймыз.

"Толқындықтар"
29 маусым 2021 ж. 457 0