Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атакәсіп алға басты

Атакәсіп алға басты

  Жақын күн­дері өңірде балықшылардың IV слеті өткелі отыр. Талай жылдан бері ұмыт бола бастаған игі бастама 2015 жылы қайта жанданған болатын. Оған жыл сайын еліміздің әр аймағынан су маржанын сүзген балықшылар қатысып келеді. Ауқымды шара шаруалардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашады.
Кіші Аралды сақтап қалу мақсатында дүниеге келген САРАТС жобасының алғашқы кезеңі жалпы, Арал теңізін жағалай қоныстанған халықтың әл-ауқатын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсартып қана қоймай, то­қырауға ұшы­рай бастаған балық шаруашылығына дем берді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 3410 тонна Сыр балығы  Ресей, Польша, Грузия, Әзербайжан, Дания, Германия мен Өзбекстанға жөнелтілсе, биыл 6 ай ішінде 2440 тонна су маржаны экспортқа шығарылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, экспорт көлемі 25 процентке артып отыр. Биыл балық өнімі жөнелтілетін мемлекеттердің қатарын Голландия және Қытай толықтырды. Экспортқа көксерке сүбесі, қатырылған және тоңазытылған торта, табан балықтары шығарылып келеді.
Балық өңдеу саласында да айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Осы күні облыста 8 балық өңдеу зауыты бар, оларда 500-дей адам маңдай терін төгіп, нәпақасын тауып жүр. Балықшылар, балық өңдеу зауыттарының жұмысшылары, тасымалдаушы, сатушыларды қоса есептегенде аймақта 3 мыңдай адам аталған салада еңбекпен қамтылған. Мысалы, 2013 жылы 4 зауытта шамамен 80-100 адам жұмыс істесе, қазіргі күні мұндай кәсіпорындар саны еселеніп, көрсеткіш 500-ден асты.
Биыл Арал қаласының индустриялдық аймағынан «Аквакультура ЛТД» ЖШС тағы бір балық өңдеу зауытын салып жатыр. Аталған нысанды жыл аяғына дейін іске қосу жоспарланған. Сол кезде қосымша 50-60 адамға жұмыс табылады. Айта кетейік, балық өңдеу зауыттарының барлығы еуропалық сапа талаптарына жауап береді. Бүгінгі күні облыста тауарлы балық өсіретін 10 шаруашылық жұмыс істеп тұр. Былтыр олар 107 тонна тауарлы балықты нарыққа шығарды. Ал биыл бұл межені 130 тоннаға жеткізу көзделген.
Теңіздің тірілуімен жанданып сала берген атакәсіпті алға жылжыту бағытындағы мұндай шаралар жалғаса түспек.
syrboyi.kz
11 шілде 2018 ж. 1 009 0