Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда ахуал тұрақталды, мал шығыны жоқ

Аралда ахуал тұрақталды, мал шығыны жоқ

Бұған дейін хабарланғандай, көктемгі жауын-шашынның болмауына байланысты Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданында қатты құрғақшылық болды. Қалыптасқан жағдайда жем-шөптің болмауынан аталған өңірлердің мал шаруашылығы саласы зардап шекті.
Маңғыстау облысының тұрғындарына көмек ретінде республиканың басқа өңірлерінен екі апта ішінде 13 мың түп және 92 орам шөп жіберілген. Қосымша, Қостанай облысы апта сайын 5 вагоннан кебек жөнелтуде. Ақтөбе және Атырау облыстары Маңғыстаулық шаруаларға өз аумақтарында шөп шабуға мүмкіндік берді.
«Шөп сатып алуды «Каспий» ӘКК қаржыландырды (204 млн теңге). Өз кезегінде Азық-түлік корпорациясы 637 тонна арпаны 17% – ға төмендетілген бағамен сатты. Маңғыстау облысының агроқұрылымдарында малдың қыстауы үшін және жеке қосалқы шаруашылықтардың жем сатып алуы үшін Үкімет резервінен 1,9 млрд.теңге бөлінеді. Онымен қоса, жайылымдық жағдайлары жазғы жаюды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Бейнеу және Қарақия аудандарына малды тасымалдау жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағына жаз кезінде мал жаю үшін 2260 бас жылқы, 3 мың қой, 200 түйе және 1010 бас ІҚМ тасымалданды. Жалпы алғанда, Маңғыстау облысындағы жағдай тұрақталды, мал өлімі тоқтады», – делінген ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің таратқан хабарламасында.
Қызылорда облысының Арал ауданына жоңышқа жеткізу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, мың тоннадан астам шөп, 40 тонна құнарлы жем түсіп отыр. Азық-түлік корпорациясы арқылы 600 тонна арпа сатып алу туралы келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ, жем-шөпті 10-15% арзандатылған сату бойынша ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Бұдан басқа, жергілікті бюджет қаражаты есебінен азық құнын субсидиялауға 3,4 млрд.теңге көлемінде қаражат бөлу туралы мәселе қарастырылуда.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан жем-шөппен қамтамасыз ету және жедел ден қою мәселелерін шешуді үйлестіру үшін республикалық жедел штаб құрылды, оның құрамына облыстар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, Азық-түлік корпорациясы мен Бәйтерек холдингі ұйымдарының басшылары енгізілді. Облыс әкімдіктері алдағы уақытта ауыл шаруашылығы малдарын қыстауға жем дайындау жоспарын айқындап, апта сайын мониторинг жүргізе отырып, оларды орындау бойынша жұмыстар ұйымдастырады», – делінген хабарламада.

kyzylorda-news.kz​​​

03 шілде 2021 ж. 358 0