Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Малдың қырылғаны – халықтың қабырғасын қайыстырады (Видео)

Малдың қырылғаны – халықтың қабырғасын қайыстырады (Видео)


Қызылорда облысының Арал ауданында мал шығыны болып, төтенше жағдай жарияланып жатқан соң, осы жаққа тура тарттық. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева, осы жақты жақсы білетін тағы бір депутатымыз Ғалым Әміреев, Гена Шиповских, "Ақ жол" фракциясының мүшесі, әріптесіміз Берік Дүйсенбинов бәріміз ауданды аралауға кірістік. Мен Жанқожа батыр шекара бекетіне бара жатқан жолда, алдымен Қазалы ауданындағы Қызылқұм ауылының тұрғындарына жеке жолығып, жағдайын білдім. Қызылқұмдықтар бұлақтардың басына вагон қойып, сонда жатып, кезекпен мал бағады. Осылай су тауып, солардың айналасындағы шөпке жайып, қолда бар малды аман сақтап қалуда. Бұлақ жағалаған ауылдықтар туралы жоғарыдағы шағын видеодан көре аласыз.

Мал неге қырылған?
Бұл жақтағы сайын далада қуаңшылықтан шөп қурап қалған. Қыстыгүні қар түспеді. Көктем бойы жауын-шашын тапшы болды. Оның үстіне су іздеп сабылған мал түнде ұйыққа барып, батып қалатын болған. Ондай малдардың өлекселері далада ұшырасты. Қарапайым халық көп шағым айта бермейді, бірақ түрлерінен уайым байқалады. Бұрын құм басып, бітеліп қалған бұлақтардың көздерін ашу, дренаж жасау керек. Жергілікті тұрғындар осыны сұрап отыр. Ашыққан мал атаулы құм аралас ескі жусан, тықыр шөп, қурай және басқасын жеп, олардың ас қорыту жүйесі құмға толады. Сиыр, қой малы күйіс қайырып, шамалы болса да арыла алады. Ал күйіс қайырмайтын жылқы малы қатты қырылған. Жекенің малы - жекенің ісі демей, мемлекет қолдау көрсетеді: жергілікті әкімдіктер төрт түлікті құтқарудың түрлі амалдарын қарастырып жатыр. Бізбен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаментiнiң директоры Еркебұлан Ахметов ере жүрді. Ол алаңдаған шаруалардың жемшөп мәселесін және қаржылай қолдау көрсету жайын шешу үшiн арнайы келгенін жеткізді. Құдықтарды қалпына келтіру, жем, шөп тасымалдау шығындарын өтеу мәселелерін қарастырады. Арнайы штаб жұмысының нәтижесі бойынша тиiстi ұсыныстар Үкіметке енгiзiлетініне сендірді. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтің де ауылдықтармен ақылдасып, мәселенің шешімін іздеп, дербес құрып жатқан жоспарлары бар екен. Оның жоспарымен де танысып, оған да қолдау жайын пысықтаудамыз. Жоспарлары ойға қонымды. "Халық қамқорлықсыз қалмайды. Біраз істі тұрғындармен келісіп, жүзеге асыруға кірістік" деді жергілікті әкімдіктердегі азаматтар.
Біз, Nur Otan депутаттары, ол істердің жылдам, пәрменді, тиімді орындалуын бақылауда ұстаймыз. Өзге облыстардан тасылып жатқан жемшөпті жұртшылыққа жеткізу, оның бағасын қолжетімді болуы үшін арзандату мәселелері шешілуде. Сондай-ақ сумен қамту, бұлақ көздерін ашу секілді түйткілдердің түйіні тарқатылғаны жөн. Оның бәрінің есеп-қисабы жасалыпты. Әкім мырзалар оның бәрін бізге егжей-тегжейлі түсіндірді. Енді бюджеттен қажетті қаражаттың бөлінуіне ықпал етеміз.

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Nur Otan фракциясының мүшесі
08 шілде 2021 ж. 538 0