Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрғақшылық қыспаққа алды, құтылар жол қайда?!

Құрғақшылық қыспаққа алды, құтылар жол қайда?!

Әдетте жаз шықса жылы-жұмсаққа аузымыз тиер деп көңіл бірлейтін ағайынды сары уайым басады деп ойлаған жоқпыз. Өкінішке орай, басқа жылдарға қарағанда жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі салдарынан су тапшылығы айтарлықтай сезіліп, шаруалар үшін қуаңшылық қиындық тудыруда. Кей ауылдарда су тапшылығы сезіліп, жерде мал қажайтын қурай да қалмаған секілді. Бұл қиындық әсіресе Сыр жағында айтарлықтай сезілуде. Осыдан бірер апта бұрын ауданға іссапармен келген аймақ басшысы Аманөткел өңірінде болып, Қамбаш көлінің тартылуы салдарынан су іздеген малдардың лай мен батпаққа батуы дерегі жиі тіркелгеніне алаңдаушылық білдірген болатын. Ол сапарды «Сырдың суын сақтау маңызды» деген тақырыппен кезекті санымызға жарияладық. Енді, міне, арысы Құланды, берісі Қамбашты қоса қамтыған қуаңшылық қыр мен Сырдың шаруаларына тырнақ батырып барады.

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желі қолданушылары Атыраудағы аштықтан қырылғалы жүрген төрт түліктің жағдайын айтып, дабыл қаққан еді. Айтып ауыз жиғанша, біздегі жағдайдың да мәз емес екендігін айтып аралдық ағайын дабыл қақты. Бүгінде аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Құланды ауылында жағдай айтарлықтай нашарлап, қуаңшылықтың зардабы сезіліп жатыр. Қыста қардың, көктемде жаңбырдың аз мөлшерде түсуі салдарынан жерге көк майса түгілі, адыраспан да шықпаған. Ауылдың төрт түлігі көк орнына топырақ жеп, қуаң далада жүдеп-жадап жайылып жүр. Оның үстіне, күннің күрт ысуы салдарынан су тапшылығы да сезіліп, шөл қысқан малдар айдалада құлап, баудай қырылып жатыр. Қазір Құланды ауылының айналасы қу тақырға айналған. Бұрын қарыс қадам аттаса аузына шөп ілінетін малдар көк қуалап, ауылдан ұзап кетеді. Ұзаған еңбегіне тойып қайтса жақсы ғой, аш қалады, шөл қысады. Ал шөл қысқан мал суға жетем дегенше тұрып қалады. Күннің ыстығында айдалада ұзақ жатып қалған малдың тірі қалуы екіталай. Қысқасы, Құланды жақта жылқы малы мен мүйізді ірі қара малы шығынға ұшырауда. Осы жағдайды өзіміз білейік деген оймен Беларан ауылдық округінің әкімі аппаратының бас маманы Т.Есеновпен тілдескен едік. Айтуынша, жағдай мәз емес. Шаруаға қиын соғып тұрғаны су тапшылығы емес, далада мал аузына ілігер шөптің жоқтығы.
– Бұл мәселе жалғыз Құланды емес, көршілес Ақбасты, одан әрі Мергенсай жағында да бар. Ал Құландыға келер болсақ, мал басында айтарлықтай шығын тіркелді. Қазірдің өзінде Құландының өзінен 170 бастай жылқы, 30 бастай мүйізді ірі қара өлген. Елдегі ағайын бірнеше мәрте тасаттық әдісіне жүгініп көрді. Бірақ ауылға тамшы да тамбады. Осы малдың бейнетіне бойұсынып, ризығын көріп отырған шаруалар малдарын қысқа түсе алмайды деген үреймен жан-жаққа сатып жатыр. Арық малды арам өлтіргеннен, азғантай болса да пұл қылайын деген ой ғой барлығында. Расында, бұл жағдай ұзаққа созылса, жаздағы жұттың зардабы біраз шаруаны тақырға отырғызғалы тұр. Бұл мәселе жергілікті биліктің жіті назарында, жақында ауылға қажетті жем-шөпке тапсырыс берілді. Сәйкесінше, жеткілікті мөлшерде мал азығындық жем-шөп жеткізіледі деп күтілуде, – дейді жергілікті әкімдік қызметкері.
Жағдай Аманөткел жағында тіпті ушыққан. Әлеуметтік желіден аудан көлемінде болып жатқан экологиялық апат туралы Уәлихан Жұмағұлов есімді азаматтың жазбасын көзіміз шалды. Суреттер тым сүреңсіз. Бірақ сенсек те, сенбесек те, шындығында жағдай солай.
– Үкімет Арал ауданында төтенше жағдай жариялау қажет. Тап бүгінде Құланды, жалпы Арал ауданы күйреу алдында тұр. Соңғы ақпарат бойынша қыста қар, көктемде жаңбыр жаумаған аймақтарда шөп көрінбейді. Ұсақ мал қалмаған ауылда жұт ірі қараға жетті. Биыл қыстан аман шыққан мал өте арық. Су ішуге жеткен кезде көтерем сиыр мен жылқы тұяғы тайып сазға батып, қырылып жатыр. Ауылдың дәрмені бар азаматтары мен бала-шаға арқан байлап ірі қара арам өлмесін деп батпақтан тұрғызуға жанталасқанымен, құлаған мал қайта оңалмауда, – деп жазды ол.
Жағдайды білмек болып Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қ.Әбдірамановпен тілдестік. Айтуынша, ауылдың айналасындағы көлшік атаулының барлығы тартылып кеткен. Ауыл халқының да дегбірі қашқан.  Қолындағы малынан көре көзге айырылып қалып жатқан тұрғындар әкімшіліктің табалдырығын тоздырып жүргенге ұқсайды.
– Бар мәселе  – аймақтағы қуаңшылық пен су тапшылығы. Елдегі шаруа ағайынға ауыр соғып, жұрт малынан айырылып жатыр. Ауыл айналасында қырылған малдың өлекселері көбеюде. Көбі су іздеп барып, тартылып кеткен көл орнындағы батпаққа батып өлген төрт түлік қаншама?! Ауыл тұрғындарының арасынан осы жағдайларды ескеріп, кезекшілік қойдық. Екі адамнан ауыл айналасындағы сорларға батып жатқан малдарды қарап жүреді. Көрген жағдайда иелеріне хабар беріліп, әлдері келгенше шығарып алып жатыр. Біз барынша қолдан келетін істі қылып жатырмыз. Соның өзінде ауыл бойынша 46 бас жылқы, 35 бас сиыр малы арам өлді. Бұл тіркеуде тұрғандары ғана. Ал негізгі көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Елге шөп жеткізу мәселесі де аудан әкімінің басты назарында. Қазір шаруа қожалықтарын есептемегенде, ауыл тұрғындарына 600 тоннадай шөп қажет. Біз соны делдалсыз, жерінен арзан бағада жеткізуді қолға алып жатырмыз. Бұл мәселеле облыс, аудан әкімдігінің жіті назарында тұр, – дейді ауыл әкімі Қ.Әбдіраманов.
Жем-шөп демекші, бұл мәселенің өзі қазіргі уақытта шаруалар мен қарапайым тұрғындар үшін қиындық тудыруда. Қазір ақшасына сатып алатын да шөп тапшы. Болған күннің өзінде алыпсатарлар шөптің әр бумасын жылдағыдан екі-үш есе қымбат бағаға саудалап тұр. Дәл қазіргі жағдайда мұндай бағаны ауыл тұрғындарының қалтасы көтермейтіні айтпаса да түсінікті. Осы мәселеге байланысты Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықованың тапсырмасына сәйкес Арал ауданындағы шаруашылықтарға жем-шөп жеткізілуде. Бүгінде ауданға 116 тонна жоңышқа шөбі әкелінсе, алдағы күндері 518 тонна мал азығы жіберіледі. Қазір Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және аймақтағы бірнеше аудандармен келісімдер жасалуда. Бұл жөнінде Арал ауданы әкімінің орынбасары Е.Әбішев Өңірлік коммуникациялар қызметінде болған баспасөз брифингінде айтты.
– Қазіргі таңда Ақтөбе облысына қарасты көршілес Ырғыз ауданы және аймақтағы Қармақшы, Сырдария, Жалағаш және Қазалы аудандарымен шөп азығын дайындауға байланысты келіссөздер жүргізіліп, алдағы қысқа қажетті 7520 тонна шөп алуды жоспарлап жатырмыз. Қазіргі таңда ауданға 118 тонна шөп тасымалы жүргізіліп жатыр. Тағы да 500-дің үстінде тоннаға тапсырыс беріліп, келісімшарт жасалып, ақшасы төленді. Енді қалған 6 мың тонна шөпті тасымалдауды осы маусым, шілде айларына жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Е.Жұмаханұлы.
Қазіргі таңда ветеринария мамандары мен арнайы зертханашылар аудандағы елді мекендерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Өлген малдардан сынамалар алуда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде белгілі болды. Аталған брифингте ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ә.Дәрмағамбетов ауданға қарасты 8 ауылда малдардың өлу фактісі тіркелгенін, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сынама алынғандығын айтты. Зертхана мамандары 6 бас жылқыдан гастрофилез ауруына, 6 бас мүйізді ірі қарадан паренхиматозды ауруына талдамалар алған. Малдардан бөлек, аудан маңындағы дария мен суаттардан да сынама алынған. Сараптама қорытындысына сәйкес төрт түліктің өлу фактісі неден орын алғандығы анықталу үстінде.
Заманында келешекті дөп басып болжай білген Мөңке би бабамыз «Көлдің суы бітіп, табаны қалар, аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар» депті. Біз сол болжамның шынайылығымен бетпе-бет келіп жатырған жоқпыз ба осы. Тек табиғаттың берері таусылмасын дейік. Ел басына түскен бұл қиындықтардан да өтерміз. Бастысы, ауылдағы ағайынның алашапқын болған еңбегіне аспаннан жауын жауып, көк бітік шықсын деп тілейік. Басқасының барлығы өз ретімен бола жатар.

А. БИСЕНОВ
05 маусым 2021 ж. 978 0