Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді

Аудандық комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді

Биылғы қыс-көктем мезгілдеріндегі жауын-шашынның аз түсуі салдарынан орын алған қуаңшылық мәселесі аудан үшін өзекті болып отыр. Ағымдағы жылдың сәуірінен бері басылмай тұрған шаңды дауыл мен құрғақшылық, күннің күрт ысуы мен аудан маңындағы су айдындарының сусыздану салдары аудан шаруалары үшін оңай соқпауда. Осыған сәйкес біршама ауылдық округтерде күрделі жағдай қалыптасып, малдың жем-шөп азығын дайындау жөнінде де айтарлықтай мәселелер туындап отыр.
Осы орайда кеше аудан әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткізілді. Комиссияның күн тәртібінде аудан бойынша орын алған қуаңшылық мәселесі қаралды.
Аудан әкімі, комиссия төрағасы Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері мен тиісті мекеме басшылары, бірқатар ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында аудандық ауыл шарауашылығы бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов аудан бойынша қалыптасқан жағдай жөнінде хабарлама жасап, биылғы жылғы орын алып отырған қуаңшылық мәселелері ауданымыздың ауылшаруашылығы саласын дамытуға кері әсерін тигізіп, жайылымдық жерлерде мал азықтық дақылдар шығымының болмауы мал шаруашылығына қиындық әкеліп тұрғандығын жеткізді.
Нақтырақ тоқтала кетсек, қалыптасқан жағдайға сәйкес Мергенсай, Құланды, Беларан ауылдық округтеріндегі шаруалар мал бастарын қысқарту бағытында жылқы, сиыр және қой малдарын нарық бағасынан төмен бағада сатуда. Себебі, Сырдария арнасымен келетін судың болмауынан шөптің шығымы нашарлап, қорегін таба алмаған малдар тартылған көлшіктердің табанындағы балшықтарға батып өлу деректері тіркелген.
Сөз тізгінін одан әрі жалғаған аудандық ветеринариялық станциясы басшысының міндетін атқарушы Т.Жәлімбетов қуаңшылық мәселесіне сәйкес мүйізді ірі қара, жылқы малы өлім-жітімге ұшырағандығын тілге тиек етті. Өлген малдардың басым көпшілігі сырғаланбаған жəне орталықтандырылған базалар жүйесіне енгізілмеген. Сондықтан мал иелері анықталмауда. Соған сəйкес аудан əкімі базаға енгізілмеген малдардың барлығын тіркеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Атап өту қажет, өлген малдардан ешқандай жұқпалы ауру белгілері табылмаған және ветеринар мамандармен акт жасалып, тиісінше өртеп жойылған.
Осылайша өңірде орын алған жағдайлар сараланған комиссия отырысында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Д.Шәкен сөз алып, аудан аумағында қалыптасқан ахуалды реттеу бағытында тиісті шараларды қабылдау жөнінде қажетті жұмыстарды ұйымдастырудың жолын талдап өтті.
Комиссия отырысының қорытындысымен тиісті сала басшыларына шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдап, жем-шөп саудасымен айналысатын кәсіпкерлердің бірінші кезекте өңірдегі шаруашылықтарды толық қамтамасыз етуін ұйымдастыру және малдардың өлім жағдайының себебін анықтап, есебін шығару бағытында нақты тапсырмалар жүктелді.


"Толқын" ақпарат
01 маусым 2021 ж. 643 0