Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Премьер-министр кімдердің жалақысы көтерілетінін айтты

Премьер-министр кімдердің жалақысы көтерілетінін айтты

Үкімет басшысы Асқар Мамин биыл бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру шаралары жалғасатынын мәлімдеді.
«Қазіргі кезде 600 мың педагогтың еңбекақысын 25 пайызға, ал 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын біліктілігіне қарай 20-дан 30 пайызға дейін көтеру шаралары атқарылып жатыр», – деді Мамин үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Асқар Мамин әлеуметтік сала жұмысшыларының жалақысы 50 пайызға көтерілетінін айтты. Және осы шарамен 21 мың адам қамтылып отыр екен. Осылайша педагогтардың орташа жалақысы 253 мың теңгеге, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 320 мың теңгеге, ал әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 180 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы да көбейеді.
1 шілдеден бастап жергілікті атқарушы органдардың қызметтік жалақысы 1,9 есеге өсті. Ал орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2022 жылдың қаңтарынан бастап жыл сайын 30 процентке көтеріледі.  Бұл шара 2024 жылға дейін жалғасады. Осылайша мемлекеттік қызметшілердің орташа жалақысы 179 мың теңгеден 267 мың теңгеге дейін жоғарылайды.

11 шілде 2021 ж. 529 0