Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда құны 6,18 млрд теңге тұратын 3 жоба іске қосылады

Аралда құны 6,18 млрд теңге тұратын 3 жоба іске қосылады

Арал ауданы бойынша Индустрияландыру бағдарламасының шеңберінде 7 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, «Балықты тереңінен өңдеу» және «Балықты өсіру мен тереңнен өңдеу» цехтары толықтай іске қосылып, тұрақты жұмыспен 77 азаматты қамтып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
Сонымен бірге, жалпы құны 6,18 млрд. теңгенің 3 жобасы ағымдағы жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, биыл қараша айында іске қосылатын «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы», «Кварц құмын өңдеу комбинатының құрылысы» да күз айында пайдалануға берілмек. 200 жұмыс орны бар «Тұзды жаңа технологиямен өңдеу бойынша испан цехының » жұмысы да осы жылы басталады.
«Аталған жобалар іске қосылған кезде жаңадан тағы да тұрақты 285 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, кальцилендірілген сода зауытын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде зауыттың орналаcу аймағына тиісті инфрақұрылымдарды жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Зауттың құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылдың IV-тоқсанында басталады деп күтілуде. Бұл жобаны пайдалануға берген жағдайда 700 адамға тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған», – деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.
Жалпы аталған жобалардың іске қосылуы нәтижесінде 1262 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.
Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер беретін басқа да жобаларды енгізуге жұмыстар жасалмақ.

kyzylorda-news.kz
22 шілде 2021 ж. 438 0