Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық паралимпиада құрама командасының мүшелерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық паралимпиада құрама командасының мүшелерімен кездесті

Мемлекет басшысы XVI жазғы Паралимпиада ойындарының қарсаңында Ұлттық құрама командасының мүшелерімен кездесті,-деп хабарлайды Akorda.kz.
Президент спортшылардың Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Паралимпиада ойындарына 25 жолдама ұтып, байрақты бәсекеге үлкен құраммен аттанып бара жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, паралимпиадашылар – қажымас қайрат пен қайсарлықтың символы.  
«Әлемдегі жүз мыңдаған спортшының арасынан үздік шығып, осы ойындарға жолдама алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сіздер бұған табандылық пен кәсіби дайындықтың арқасында қол жеткізуге болатынын дәлелдедіңіздер. Демек, әрбір пара спортшымызды қазірдің өзінде жеңімпаз деуге болады. Өздеріңізді барша отандасымыз мақтан тұтады», – деді Мемлекет басшысы. Президент еліміздегі пара спорт түрімен айналысатын азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау жалғаса беретінін айтты.«Бүкіл еліміз бойынша 20 мыңға жуық азамат пара спорт түрімен жүйелі түрде айналысады. Соның ішінде 500 спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Біз паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту үшін қажетті жағдайды жасай береміз. Қазір өңірлерде 16 арнайы клуб пен мектеп жұмыс істейді. Осы ретте, Нұр-Сұлтан қаласында 2018 жылы ашылған Паралимпиадалық жаттығу орталығын ерекше атап өткен жөн. Заман талабына сай жабдықталған мұндай орталық АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея елдерімен қатар біздің елордамызда да бар. Спорт саласы барлық азаматымыз үшін бірдей қолжетімді болуға тиіс. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру мемлекет міндеті екенін баса айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Ұлттық паралимпиада құрамасы осыған дейін бұл ойындардан  екі алтын және екі күміс медаль жеңіп алған болатын. Бұл жетістіктерді спортқа деген сүйіспеншілік пен ерен еңбектің нәтижесі деп бағалаған Мемлекет басшысы құрама команда мүшелеріне зор сенім артты. Парадзюдодан Азия чемпионы, Әлем кубогының иегері Теміржан Дәулет мемлекеттің тиісті қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ұлттық құрамадағы спортшылар атынан алғыс айтты.
«Биыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Мен тәуелсіздіктің құрдасымын. Азат елде туып-өскен мен сияқты жастардың арман-мақсаты – көк байрағымызды биікте желбірету. Бапкерлеріміз жан-жақты дайындалуымызға зор еңбек сіңірді. Токиода бар күш-жігерімізді саламыз», – деді спортшы.
Паратаэквондодан екі дүркін әлем чемпионы Нұрлан Домбаев спортшылардың жаттығуына жақсы мүмкіндік жасалғанын айтты.
«Параспортшылардың тұрақты түрде оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне жағдай жасалды. Өзім Қазақстанның үш қаласында дайындалдым. Қатарымызда шетелде жаттыққандар да бар. Соның нәтижесінде Риоға он спортшы ғана барса, биыл қатарымыз екі еседен асты. Паратаэквондо паралимпиада ойындарына алғаш рет енгізіліп отыр. Ұлтымызды ұйыстырып, халқымызға жігер беретін жеңіске жету – басты мақсатымыз», – деді Нұрлан Домбаев.
Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев пен ұлттық құраманың пауэрлифтинг бойынша Бас бапкері Артур Томицкий спортшылардың дайындығы туралы мәлімет берді.  Жиын соңында Мемлекет басшысы спортшыларымыздың өнерін бүкіл халқымыз тамашалап, жанкүйер болатынын айтты. Сондай-ақ олардың жеңісі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тамаша тарту болатынын атап өтіп, ұлт намысы сынға түсетін сайыста сәттілік тіледі.

kyzylorda-news.kz
30 шілде 2021 ж. 251 0