Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Александр Колядин: Ешкім алтын аламыз деп күтпеді

Александр Колядин: Ешкім алтын аламыз деп күтпеді

Оңтүстік Кореяның Пхенчханында өткен ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарына қатысушы спортшылар елге оралды. Кеше Астана әуежайында оларды туыстары, достары, әріптестері ҚР МСМ өкілдері және жанкүйерлер күтіп алды, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Паралимпиада-2018 жеңімпаздарының ішінде Александр Колядин бар. Ол шаңғы жарысындағы 1,5 км қашықтықтағы спринтте бірінші болып келіп, еліміздің қысқы Паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын жүлдені сыйлады. Қостанай облысының тумасы алтын медалі үшін 250 мың доллар алады. Сонымен қатар, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов параатлетке пәтер сыйлайтынын мәлімдеген болатын.

Ал, Александр Колядиннің өзі келесі ойындарға дайындалып жатқанын айтты.
«Қуаныштымын. Осыншама жұмыс босқа кеткен жоқ. Өздеріңіз көріп тұрғандай, нәтиже жаман емес. Бірақ ешкім алтын аламыз деп күтпеді. Медаль алайық деген үміт болды. Қазақстан халқына дер кезінде алтын сыйладым деп ойлаймын», - деді Паралимпиада ойындарының чемпионы Александр Колядин.

Спортшының жеңісіне орай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Александр Колядинге құттықтау хатын жолдады.

Айта кетейік, биыл Пхенчханда өткен қысқы Паралимпиадада 80 жиынтық медаль ойнатылды. Ойын бағдарламасында 6 спорт түрі болды: тау-шаңғы спорты, биатлон, шаңғы жарысы, хоккей-следж, сноуборд, арбадағы кёрлинг.

Қазақстан бұл Ойындарға 9 лицензия алды. Атап айтқанда, Ұлттық Паралимпиада атлеттері шаңғы жарысы және биатлоннан сынға түсті. Олар: 6 спортшы және көзі нашар көретін спортшыны алып жүретін 1 гид.
12 наурызда 20 км қашықтыққа тік тұрып шаңғымен жарысуда қазақстандық параатлет Александр Герлиц 47:54:4 уақыт көрсеткішімен (+3:02.0) жарыста төртінші орын алды.
---
20 наурыз 2018 ж. 1 303 0