Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Министр тамыз-қыркүйек айларындағы коронавирус жағдайына болжам жасады

Министр тамыз-қыркүйек айларындағы коронавирус жағдайына болжам жасады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тамыз-қыркүйек айларындағы коронавирус жағдайына болжам жасады.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, соңғы төрт аптада ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде инфекция 80%-ға немесе екі есе артқан. Бұл өсудің басым бөлігі қазіргі уақытта 132 елде табылған аса жұқпалы дельта нұсқасынан туындайды. Дельта штамының алғаш рет елордада анықталғанын және сырқаттанудың күрт өсуіне әкелгенін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы сырқаттану динамикасын зерттедік және соңғы екі аптада ауру көрсеткіші бір деңгейден аспағанын байқадық», – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның сөзіне сенсек, соңғы аптада жедел жәрдем шақыру көлемі 11% азайған.
«Тамыз-қыркүйек айларындағы эпидемиологиялық жағдайға болжам негізінде біз оптимистік сценарий бойынша жүреміз, онда 2021 жылдың тамыз-қыркүйек айларында тіркелетін жағдайлардың болжамды саны – шамамен 250 мың адам (орта есеппен тәулігіне 7 мыңға жуық жағдай). Оптимистік сценарийді одан әрі ұзарту карантин шараларын сақтап, тиісті тұрғындарды вакцинамен қамтуды арттыру кезінде ғана мүмкін болады», – деп толықтырды министр.
Айта кетейік, эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бері «қызыл» аймақта тұр. Түркістан облысынан басқа өңірлер түгел «қызыл» аймақта.

kyzylorda-news.kz
03 тамыз 2021 ж. 279 0