Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады

Аудан әкімі қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысып шықты.
Алдымен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына барып, жұмыс барысымен таныс болды. Ғимарат ішін аралап жағдайына қанық болған соң, мекеме басшысына жөндеу жұмыстарын жасау үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.

Одан соң аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының және ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысымен танысты.
Әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мекеме орналасқан ғимарат өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы» аясында күрделі жөндеуден өткізілген. Қызметкерлер орналасқан бөлмелерді көрген аудан әкімі бөлім басшысына қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызметтер мен жасалатын жұмыстар бойынша мұқият болу қажеттігін айтты.

Мұнан кейін қаладағы өнер мектебі, қазынашылық басқармасы мен жастар ресурстық орталығы ғимараттарына бас сұқты. Қазіргі таңда өнер мектебінде 9 бағыт бойынша 208 оқушы домбыра, баян, фортепиано, қобыз, терме, прима ән салу, би, бейнелеу үйірмелерінде тәлім алуда. Жастар ресурстық орталығында жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытындағы жаңа жобалармен танысты.

Аудан әкімі нысандарды аралау барысында Орталық мешіт пен темір жол вокзалы, «Жақсат и К» авто бекеті мен «Казтранс газ Аймақ» өндірістік филиалы ғимараттарына барып, нысандардың жұмысына қанық болды.

Темір жол вокзалы аумағының келбетін дұрыстау мақсатында сол маңдағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы беттерін ретке келтіру жұмыстарын жүргізу жауапты мамандарға жүктелді.
Орталық мешіт ауласында медресе құрылысы жүріп жатқан медресе құрылысы мен тұрғындардың көгілдір газбен қамтылуы, төлем бойынша қалыптасқан қарыздарына байланысты мәселелер аудан басшысының назарынан тыс қалмады.

Мұнан кейін Орталық парк пен жаңадан ашылған жазғы демалыс орнына арнайы барып, тұрғындар демалатын орындарда бірінші кезекте тазалық мәселесін қадағалауды ескертті.

Арал қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыстарымен танысқан соң, мекеме басшыларына ғимараттарға уақытылы жөндеу жүргізу, жылыту мәселелерін, ауласын көгалдандыру шараларын назардан тыс қалдармауды тапсырды.








"Толқын" ақпарат

07 тамыз 2021 ж. 360 0