Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар көгілдір отынның игілігін көруде

Аралдықтар көгілдір отынның игілігін көруде

Арал ауданының әкімі М.Оразбаев көгілдір отынға қосылатын қаладағы №62 мектеп-лицейі, №220 орта мектебі және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдеріне бас сұғып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып қайтты.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған, жалпы құны 67,1 млн теңгені құрайтын бұл нысандарды газдандыру жұмыстары «Компания «ГазСтрой» ЖШС» арқылы жүргізілуде. Қазіргі таңда басталып кеткен жұмыс жайын аталған осы учаскінің жауапты басшысы, компания өкілі М.Тұрсынбаев егжей-тегжей баяндап өтті. Жалпы,әлеуметтік нысандарды көгілдір отынға қосу жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айының басында қолға алынып, тамыз айының соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Аталған нысандарға жекелей ат басын бұрған аудан басшысы осы ретте атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы әрі мезімінде орындалуын басты назарға алуды тапсырды.
Айта кету керек, мұнан өзге биылғы жылы Арал қаласындағы аудандық өнер мектебі және мәдениет орталығының бу қазандықтарын газбен жабдықтап қайта жаңғырту жұмыстарына аудандық бюджеттен 16,4 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталуда.
Сонымен қатар, алдағы уақытта, «Мереке», «Гүлдер», «Алтын балық» балабақшаларының және №13, №14, №64 орта мектептерінің бу қазандықтарын газға ауыстыру мақсатында Қызылорда облыстық аумақтық мемлекеттік – жеке меншік әріптестік орталығы арқылы конкурстық құжаттар әзірленуде.
Жалпы бүгінгі таңда Арал қаласындағы 5810 тұрғын үй, 8 әлеуметтік нысан мен 184 кәсіпкерлік нысан көгілдір отынға қосылған.
30 шілде 2019 ж. 1 057 0