Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мерейлі отбасы – 2021»: Гүлшара Әбдіқалықова байқау жеңімпаздарын марапаттады

«Мерейлі отбасы – 2021»: Гүлшара Әбдіқалықова байқау жеңімпаздарын марапаттады

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық конкурсы жеңімпаздарымен кездесіп, марапаттады.
Аймақ басшысы отбасы құндылықтарын берік ұстанған әулеттерге ризашылығын білдіріп, құрметін жеткізді.
«Халқымыз үшін отбасы ұғымы қашан да қасиетті де қастерлі екені белгілі. «Отан отбасынан басталады» деген қағидат ешқашан өз мәнін жойған емес. Расында, кез келген мемлекеттің негізгі әлеуеті оның халқы және адами капиталы. Биыл еліміз үшін Ұлы құндылық – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тұңғыш Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен мемлекет тарапынан отбасына жасалып отырған ерекше қамқорлық пен жүйелі қолдаулар әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін күн өткен сайын нығайта түсуде. Бүгінгі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының тұсауы 2014 жылы кесілді. Ана мен баланы қорғауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде.
Атап айтар болсақ, біздің облысымызда 2020 жылы әлеуметтік көмекке бюджеттен 5,2 млрд.теңге қаралcа, 2021 жылы бұл қаржы 1,67 пайзға өсім алып 8,7 млрд.теңгені құрап отыр. Осындай қолдаулар мен халықтың жайлы тұрмыс кешуіне бағытталған игілікті шаралардың нәтижәсінде аймағымызда демографиялық көрсеткіш және жас отбасылар қатары қарқынды өсуде.
Бүгінде облыс халықының жалпы саны 821 932 болса, оның ішінде 141 мыңнан аса отбасы бар. Оның ішінде, ерекше мақтанышпен айтуға тұрарлық көрсеткіш – 47 мыңнан астам көпбалалы аналардың 2109 – батыр аналар. Аймақта 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері бар.
Аймағымызда жетінші рет өткізіліп отырған мерейлі шараға қатысуға ниет білдірушілер жылдан-жылға артып келеді. Жеті жылдың ішінде байқауға қатысуға 1500-ден аса отбасы өтінім білдірді. Биыл байқауға облысымыздың барлық өңірінен 182 отбасы қатысты.
Салтанатты шарада аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының екінші кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының «Өнегелі отбасы» номинациясымен Қызылорда қаласынан Рсалиевтер әулеті марапатталса, қазалылық Мырзағұловтар отбасына «Рухты отбасы» номинациясы табысталды. Сырдария ауданынан келген Мақпалбаевтар әулеті «Ұлағатты отбасы» номинациясын иеленіп, аралдық Рысмағамбетовтер әулетіне «Ынтымақты отбасы» номинациясы бұйырды. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының ІІІ орынына Жалағаш ауданының Шуақбаевтар отбасы лайық деп танылып, ІІ орынмен қармақшылық Қартабаевтар отбасы марапатталды. Конкурстың І орнын Жаңақорған ауданынан Түкібаевтар отбасы жеңіп алды. Ал, бас жүлде Шиелі ауданының Әбілдашовтар отбасына табысталды.
Айта кету керек, бас жүлде иелері агрономдар әулеті.
Шарада «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысып жүлделі орын алған, өнегелі өмір жолымен ерекшеленген Шырын Әбілдашева бата беріп, көрсетілген құрметке алғысын жеткізді.








kyzylorda-news.kz
12 тамыз 2021 ж. 512 0