Кент спортының көкжиегі кең
Аудан спортшыларының әркез алар асуы биік. Жыл сайын тұрақты түрде түрлі деңгейдегі турнирлерде топ жарып келеді. Бұл аудан көлеміндегі бұқаралық спортқа жасалған жағдай мен жалпы спорттың дамуының айқын көрінісі екені айтпай-ақ белгілі.
Бірақ кәсіби спортшыларды дайындау да жүйелі жолға қойылған. Әсіресе жеңіспен қуантып жүрген жас дарындарды дайындауда орны бөлек спорттық мектептердің бірі – №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Іргелі ұжымның ұзақ жылдардан бергі жетістіктері аудан жұртшылығының көз алдында. Алыстан қозғасақ айтар дүние өте көп. Республикалық жарыстарда ауданның беделін көтеріп, қоржынды медальмен толықтырып жүргендер өте көп. Соған бір дәлел ретінде Мәди Болатбековтің биылғы жеңісін айтсақ болады.
2004 жылы туған Мәди Шижаға елді мекенінде №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты еркін күрес бөлімінде 2014 жылдан бастап жаттықты. 10 жасынан бастап кәсіби спортшы болуға ден қойған ол Қызылорда қаласындағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының колледжін биыл бітіріп, шеберлігін шыңдап шықты. Бабы келіскен балуан биыл маусым айының 15-17 күндері аралығында Алматы облысы, Сарқан қаласында еркін күрестен өткен 2004-2005 жылы туған ауыл спортшылары арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында бақ сынап, алтыннан алқа тақты. Осылайша Алматының төрінен чемпион атағын еншілеп қайтты. Осынау жетістікке қол жеткізгеніне алғашқы ұстаздары Бөкенбай Үмбетов пен Азиз Жұбаныштың да қосқан үлесі зор деп, сонау бала шақтағы арманының ақиқатқа айналғанына қуанды.
Бұл аталған спорт мектебінің бір ғана жеңісі емес. 2020-2021 жылды жемісті өткерген білікті спортшылардың алтын ұясына айналған №20 Арал ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерболат Қараев:
– Өзіңе талап қоя білсең, мақсатқа жетуге болады. Мұны біздің ұжым дәлелдеуден танған емес. Әр жыл сайын көрсеткен нәтижемізден келесі жылы асып түсуді мақсат етеміз. Сол межеге жетуге ұмтыламыз. Осы жылы да жақсы жаңалықтар көп болды. Мәди Болатбеков ҚР чемпионатында дара шықса, Алмажан Қарасаева, Нұрдәулет Абдрасуллаев, Алмас Шыңдалы, Ұлан Әзілхан, Бекет Әзілханов, Ерасыл Қыдырбаев, Азамат Жалғасбаев, Әлия Бақыт, Жанель Мырзаханова мен Анель Мырзаханова жүлде салып, мерейімізді үстем етті. Бұл спортшыларымыздың жеңіске деген талпынысы жоғары екенін көрсетеді. Жігерлілігінің дәлелі. Бірақ әр мықты шәкірттің артында бір ұстаз болатыны даусыз. Сондықтан чемпиондарды тәрбиелеп жатқан Әбілтай Күлмаханов, Еркін Ермағамбетов, Әзиз Жұбаныш, Бекболат Қараев, Нұрлыбек Рысмағанбетов, Мақсат Бисенәлиев пен Нұржан Сәтмағанбетовтің бапкерлік біліктілігіне қандай баға берсек те лайықты. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Аудан абыройы үшін біздің спортшыларымыз бен бапкерлер аянып қалмайды, – дейді.
Оңталап ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ