Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын бақылады

Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығын бақылады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Сексеуіл кентінде болып, білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық барысын көрді.

Алдымен кенттегі №177 орта мектебіне барып, ғимарат жағдайымен мұқият танысты. Нысандағы спорт зал,асхана және сынып бөлмелерін аралап, педагог қызметкерлермен біліктілік санаттарын арттыру шаралары жөнінде пікірлесті.

Аталған білім беру мекемесінде өткен оқу жылының қорытындысымен 11 сыныпты бітірген 2 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 12 түлек мемлекеттік грант жеңімпазы болды. Ал биылғы жаңа оқу жылында 142 оқушы 1 сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттайды.

Сексеуіл кентінде жалпы 3 мектеп жұмыс жасап келсе, биылғы оқу жылында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бой көтерген №283 орта мектебі пайдалануға беріледі. Аудан басшысы жаңа мектепте де арнайы барып, білім беру нысанының оқу жылына дайындығын бақылап шықты.
Бүгінгі таңда кенттегі барлық мектептер жаңа оқу жылына дайын, қауіпсіздік шаралары сақталған, антисептикалық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Ал мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері толықтай коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған.

Аудан әкімі одан соң «Қамқор Локоматив» жөндеу депосына ат басын бұрып, кентте орналасқан темір жол мекемелері басшыларымен кездесті. Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға сәйкес, кент халқының көпшілігі осы салада жұмыс жасайтындықтан, темір жол қызметкерлерінің толықтай екпе қабылдаулары маңызды екендігін айтты. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы, әрбір қызметкер отбасы мүшелерімен бірге екпе қабылдаса, індетті жұқтыру қаупінің де болмайтынына тоқталып өтті. Сонымен қатар,қызметкерлердің денсаулық жағдайы жақсы болғанда, еңбек өнімділігі де артатындығын тілге тиек етті.

Өз кезегінде темір жол мекемелерінң басшылары жұмысшылар арасында екпе қабылдау шаралары жүргізіліп жатқанын, екпенің тиімдігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады.

Атап өтейік, қазіргі таңда жүз пайыз екпе қабылдаған ауылдық округтерде қауіпті індетті жұқтырған тұрғындар тіркелмеген.





"Толқын" ақпарат

29 тамыз 2021 ж. 424 0