Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында су қоймасы салынады

Қызылорда облысында су қоймасы салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Жолдауда ел көкейіндегі көптеген түйткілді мәселе қозғалып, оң шешімін табу жолында жұмыстар жүргізуді Үкіметке тапсырды. Биылғы жылы аралдықтарды әбігерге салған қуаңшылық пен су тапшылығы жайы да Президенттің назарынан тыс қалған жоқ.
Ең алдымен жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн екендігіне тоқталып, ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсеткендігін атап өтті.
Сондай-ақ БҰҰ-ның болжамы бойынша алдағы 10 жылдықта жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп отырғандығын айта келіп: «2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісемін», – деді.
Бұған қоса, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына 9 су қоймасы салынатындығын баса айтты.
Әрине, биылғы жылы біздің өңір үшін оңай соқпағандығы бәрімізге белгілі. Елдегі қуаңшылық ауыл шаруашылығы саласын күйретіп жіберді. Бұл мәселенің бәрі су тапшылығына әкеліп соқтырғандығы да жасырын емес. Осындай қысылтаяң шақта қалып, ертеңгі күнге күдікпен қараған кезде су тапшылығын болдырмауға қатысты Президент Жолдауында көтерілген мәселелер халықтың ертеңгі күнге деген сенімін еселей түскендей деп сеніммен айта аламын.
Мақсұт ЕРАЛИЕВ,
Аманөткел ауылдық округінің  ардагерлер кеңесінің төрағасы
02 қыркүйек 2021 ж. 315 0