Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұзшылар қауымының мәселесі – басты назарда

Тұзшылар қауымының мәселесі – басты назарда

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентіндегі еліміз бойынша ас тұзын өндіруші ірі кәсіпорын саналатын «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшыларының мәселелері талқылануда. Осы ретте атап өткен жөн, бұған дейін ағымдағы жылдың тамыз айында «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары жалақыны көтеру және жұмыс барысында қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы жұмыс киімдермен қамтылу қажеттілігі турасынды мәселелерін жеткізген болатын.
Соған сәйкес 2021 жылдың 17 тамызында аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен «Үш жақты әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі» аудандық комиссия отырысы өткізілді. Нәтижесінде қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленіп, оның ішінде акционерлік қоғамға ұжым қызметкерлері арасында жасалған ұжымдық шартты қайта қарау және көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде хаттамалық ұсыным берілді. Осыған орай 24 тамыз күні «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары мен басшылық арасында арнайы жиналыс өткізіліп, хаттамаланып, аудан әкімдігіне жолданған болатын.
Бұдан бөлек, 31 тамыз күні аудан әкімідігінің ғимаратында аудан басшысының қатысуымен құқық қорғау органдарының және «Аралтұз» АҚ-ның вице-президент Ғ.Сержанов және президент кеңесшісі А.Тауасаровпен кездесу өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланды. Кездесу барысында «Аралтұз» АҚ-ның басшылығы 2022 жылдың қаңтар - ақпан айынан бастап қана жұмысшылардың жалақыларын көтеруге мүмкіндік жасалатындығын жеткізді. Дегенмен, жиын қорытындысымен аудан әкімі С.Сермағамбетов жалақы көтеру мәселесін осы жылдың ішінде көтеруді және зауыт жұмысшыларын арнайы киіммен, қажетті құралдармен қамтамасыз етуді және ұжымдық шартты қайта пысықтауды ұсынды.

Алайда, күні кеше «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары зауыт ауласында бас қосып, өз наразылықтарын білдіріп, жалақыны 50% көтеруді талап етті. Орын алған жағдайға сәйкес аудан әкімі С.Сермағамбетов дереу жұмысшылар жиналаған орынға келіп, еңбек заңнамаларына сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар «Аралтұз» АҚ Президентінің кеңесшісі А.Тауасаров алдағы 10 күн мерзімде жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесін қарастырып, нақты жауабын беретіндігін жеткізді. Кездесу қорытындысымен хаттама әзірленіп, мүдделі тұлғаларға таратылды.

Хаттамада «Аралтұз» АҚ-на кәсіпорын жұмысшыларының еңбек шартта белгіленген еңбекақының көлемін заң талаптарына сәйкес зерделеуді және еңбекақы өсіру мәселесін 10 күн мерзімде қарап, тиісті шешім қабылдау, кәсіпорын мен кәсіподақ комитеті арасында жасалған ұжымдық шартты қолданыстағы еңбек заңнамаларына талаптарына сәйкес ұжымдық шартқа кәсіпорынның мүмкіндігін ескере отырып, қайта пысықтап, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, кәсіпорын еңбек дауларын қарайтын келесім комиссиясында жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасында туындаған еңбек даулары еңбек заңнамалары талаптарына сәйкес қаралуын және заңға сай мерзімде тиісті шешім қабылдау қарастырылған.
«Аралтұз» АҚ қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған жоқ. Күні кеше сағат 10:30 да аудан әкімі С. Сермағамбетовтың төрағалығымен аудан әкімдігінде «Аралтұз» АҚ-да орын алған жағдайға байланысты облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Т. Жолымбетовтың, облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары М. Бәйімбетовтің, аудандық құқық қорғау органдарының басшыларының (аудан прокуроры, ҚР ҰҚК аудандық бөлімшесінің бастығы, аудандық полиция бөлімінің бастығы), аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы А. Жолановтың және «Аралтұз» АҚ-ның вице президенті Ғ. Сержанов пен «Аралтұз» АҚ президентінің кеңесшісі А. Тауасаровтың қатысуымен арнайы кеңес өткізілді. Кеңес барысында қалыптасқан мәселені шешу жолдары, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық – саяси ахуалды сақтау мәселелері талқыланды.

Дәл осы топпен, сол күні сағат 12.30-да әуелі кәсіпорын ауласында, содан кейін кәсіпорын теңгеріміндегі клубта жұмысшылармен кездесу өтті. Кездесуге негізгі бастамашыл топтың өкілдері, цех басшылары, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрағасы және жұмысшылар қауымы қатысты. Нәтижесімен, жұмысшылар тарапынан тағы да жалақыны 50 пайызға көтеру қажеттігі ұсынылды.
Бүгін бұл мәселе бойынша «Аралтұз» АҚ-ның президенті, акционер Д.Мұқашевпен «ZOOM» платформасы арқылы кеңес өткізілді.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Б. Жаханов, аудан әкімі С. Сермағамбетов, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Т. Жолымбетов, облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары М. Бәйімбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Әйімбетов, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Н. Оспанов, «Аралтұз» АҚ-ның кәсіподақ ұйымының төрағасы Т. Жайназаров және кәсіпорын жұмысшыларына арасынан 9 жұмысшы қатысты.

Кеңес барысында акционер тарапынан қыркүйек айының 1-нен бастап басшылық құрамнан бөлек жұмысшылардың жалақысын 12,5 пайызға, жыл соңында жоспар орындалса әр жұмысшыға 42500 теңгеден сыйақы беруге және 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да жалақыны 10 пайызға көтеруге қатысты шешім қабылданғандығы туралы айтылды.
Онлайн кеңестен кейін тиісті азаматтар кәсіпорынның ауласына шығып, жұмысшылармен кездесу өткізді. Кездесу кезінде аталып өткен мәселелер жұмысшылардың назарына жеткізілді.
Дегенмен, кәсіпорын ұжымы алдағы уақытта жасалатын қолдау шараларына келіспейтіндіктерін білдіруде. Алайда, жұмысшылар қауымы арасынан еңбек тәртібін сақтап, жұмыс атқаруға ынталы азаматтар да баршылық.

Еске сала кетейік, өткен жылдан бері әлемдік пандемия салдарынан елімізде қаншама өндіріс орындарының жұмыстары тоқтап, қаншама адамның жұмыс орны қысқарып кетті. Алайда, індет салдарынан орын алған келеңсіздіктерге қарамастан жергілікті «Аралтұз» АҚ жұмысын тоқтатпай, қаншама аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, уақытылы жалақыларын алып отыруға мүмкіндік жасады.
Осы тұста күні бүгінге дейін еліміздегі ең ірі тұз өндіру зауытында жұмыс жасап келген барлық қызметкерлерді жасалып жатқан келіссөздерге құлақ асып, тұз өндіру жұмыстарының тоқтап қалмауына ықпал етуге шақырамыз.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

04 қыркүйек 2021 ж. 551 0