Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ұлттық санақ 2021»: Қызылордада 14 575 адам онлайн тіркелген

«Ұлттық санақ 2021»: Қызылордада 14 575 адам онлайн тіркелген

1-қыркүйектен «Ұлттық санақ 2021» ІІ кезеңі басталды. 15 қазанға дейін санақтың онлайн түрі өткізілсе, онан соң 30 қазанға дейін планшет қолдану арқылы жаппай сауалнама жүргізіледі. Дегенмен, бүгінге дейін бар болғаны 14 575 адам ғана санақтың онлайн түрі арқылы тіркелген. Осы орайда, халықтың белсенді болуы маңызды дейді облыстық статистика департаментінің басшысы Мәриям Баекеева бүгінгі өткен баспасөз конференциясында.
Интернет сауалнамада 91 сұрақ болады. Респонденттер санақтан өтуге және өзі, отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік бар. Sanaq.gv.kz сайты 24 сағат бойы қолжетімді. Екінші әдіс – дәстүрлі жаппай сауалнама 1-30 қазан аралығында интервьюрлермен электронды планшеттерді пайдалана отырып жүргізіледі. Интервьюрлерде куәлігі, мойынорағышы, портфелі бар. Егер алаяқтарға ұрынып қалмайын деп күмәндансаңыз, 1446 нөмірі арқылы хабарласып, нақты ақпаратыныңызды алуыңызға болады.
«Санақ жұмыстарының ІІ кезеңінде 1113 адам уақытша жұмысқа тартылады, оның ішінде 139 нұсқаушы-бақылаушы, 974 сұқбатшы. Жұмыссыз жүрген жандар болса, бізбен хабарласуға болады. Қазіргі кезде бізге 374 адам қажет. Нұсқаушы-бақылаушыларға 45 күнге берілетін жалақысы 125 000 теңге, ал сұқбатшыларға бір айға 104 000 теңге төленеді», – деді Мәриям Жәдігерқызы.
Жалпы, санақ қорытындысы халықтың саны мен жыныстық-жас құрылымын бағалау үшін, халықтың әртүрлі әлеуметтік-демографиялық топтарының жағдайын сипаттайтын ақпарат. Демографиялық және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің есептері жүргізіледі. Ұлттық халық санағының нәтижелері бойынша алынған деректер экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты нақтылау үшін пайдаланады. Сондықтан, азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары халық туралы сапалы деректерді алуға негіз болады.

kyzylorda-news.kz
06 қыркүйек 2021 ж. 434 0