Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Санақ – 2021: Ұлттың болашағы мен ертеңін бағамдайтын науқан

Санақ – 2021: Ұлттың болашағы мен ертеңін бағамдайтын науқан

Халық санағы – қоғамның әлеу­мет­тік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Халық санағында сол аумақтағы халықтың саны, қүрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жинақталады. Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысы нақтыланады. Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізілгелі отырған Ұлттық халық санағының маңызы зор. Осы тұрғыда Ұлттық халық санағының өткізілу барысы туралы білу мақсатында Арал аудандық Статистика басқармасының басшысы Еламан Сәдібекұлы Қапановпен сұхбаттасқан едік.
– Ұлттық халық санағы биыл «Қазақстанда әркім маңызды!» ұранымен бастау алғаны белгілі. Ауданда халық санағына дайындық барысы қалай жүріп жатыр?
– 2021 жылдың наурыз айында аудандық және аудан көлеміндегі қала, кенттік, ауылдық округтерде Ұлттық халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі комиссия құрылып, 2021 жылдың сәуір айында Ұлттық халық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы «Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» №419 қаулысына сәйкес, Ұлттық халық санағының бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 маусымы мен 30 маусымы аралығында өткізілуде. Санақтың бірінші кезеңінде тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлар, ғимараттардың тізімі, егалары мен тұрғын үйлердегі халықтың жалпы саны алынады. Бүгінгі күнге, яғни 25 маусымға негізгі аралау аяқталды. Қалған уақыттарда қосалқы бақылау, түгендеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл санақтың 1999, 2009 жылдардағы санақтан қандай айырмашылығы бар? Биылғы халық санағының ерекшелігі неде?
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 1999 және 2009 жылдары халық санақтары өткізілді. Бұл санақтардың қазіргі санақтан айырмашылығы, ол кезде санақ қағаз жүзінде, арнайы санақ бланктерін толтыру арқылы дәстүрлі түрде жүргізілді. Елімізде үшінші рет өткізілгелі отырған Ұлттық халық санағының ерекшеліктері бар. Біріншіден, бұл санақ электронды түрде жүзеге асырылады. Екіншіден, әр тұрғын sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, сауалнаманы өзі толтыра алады. Санақтың бірінші кезеңінде тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлар, ғимараттардың тізімі, егалары мен тұрғын үйлердегі халықтың жалпы саны алынады. Екінші кезең осы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өткізіледі. 1 қыркүйектен бастап 15 қазан аралығында онлайн режимінде, 1 қазаннан 30 қазан аралығында үйлер планшетпен араланады. Бұл кезде жаппай халық санағын өткізу жұмыстары жүргізіледі. Халықтың демографиялық ахуалы, неке жағдайы, білім деңгейі, көші-қон және тағы басқа да жағдайлары анықталады. Санақ парақтарындағы сұрақтардың жалпы саны – 87. Оның ішінде 67-сі негізгі сұрақ және 20-сы нақтылаушы сұрақтар.
– Ауданда санақ жүргізуге қанша интервьюер қамтылғаны және қанша учаске дайындалғаны туралы айтып өтсеңіз...
 
– Аудан бойынша халық санағының бірінші кезеңіне 23 санақ қызметкері қатысуда. Олар: 4 – нұсқаушы (уәкілдер), 2 – нұсқаушы-бақылаушы,  17 – интервьюер. Олар жұмыссыз жастардан жергілікті әкімдіктердің ұсыныстары және алдын ала хабарламалар бойынша құжаттары қабылданып, облыстық Статистика департаментімен құрылған комиссиямен әңгімелесу арқылы іріктеліп алынды.
Арал қаласындағы аудандық Статистика басқармасында және Сексеуіл мен Жақсықылыш кенті әкімі аппаратының ғимараттарында нұсқаушы-бақылаушы учаскелері орналасқан. Олардың ішінде Сексеуіл кентінде  бір нұсқаушы-бақылаушы, екі интервьюер, ал Жақсықылыш кентінде бір нұсқаушы-бақылаушы, бір интервьюер жұмыс істеуде. Кент әкімдіктері санақ учаскесін арнайы бөлмемен, инвентарь, телефон, интернет байланысымен, компьютермен қамтамасыз етіп отыр.
– Қазіргі таңда ауданда қанша тұрғын үй, елді мекен, ауылдық округ, көше бар?
Бүгінгі күні ауданымызда Арал қаласы және 23 ауылдық округтерде екі кент, барлығы 58 елді мекен бар. Аудан бойынша тұрғын үй шаруашылықтарының саны осы жылдың 1 қаңтарына 15044 болған. Қазір одан да көп, осы санақ нәтижесімен толық анықталады.
– Санақ кезінде Қазақстандағы қандай азаматтар санаққа алынады, кімдер бұл санаққа қатыспайды?
– Мемлекет үшін маңызды шараға Қазақстан Республикасының азаматтары (уақытша жоқ және тұратындар), шетелдіктер мен ел аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар (12 айдан көп) қатысады. Сонымен қатар дипломатиялық қызметімен байланысты және «Болашақ» бағдарламасымен оқитын ел азаматтары мен олардың отбасы мүшелері, басқа мемлекетте тұратын, бірақ, есепке алу сәтінде республикамыздың аумағында жүрген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар санаққа алынады.
 Ал Қазақстан аумағында дипломатиялық мекемелерде немесе халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыспен, іссапармен, оқумен («Болашақ» бағдарламасымен оқитындардан басқа) байланысты 12 айдан көп мерзімге ел аумағынан тыс кеткен адамдар бұл шараға қатыспайды.
– Тұрғындар интервьюерді қандай ерекшеліктері бойынша тани алады?
– Нысандарды аралау кезінде интервьюерлердің куәлігінде суреті, мәліметтері, статистиканың аумақтық органының мөрі болады, халық санағының символикасы басылған көк түсті шарф тағып, көк түсті портфель ұстайды. Тұрғынды тіркеуге арналған планшетпен және тұрғынға түсінікті болу үшін жадынамамен қамтамасыз етілген. Жадынамада санақ туралы, интервьюер туралы, Call центрі мен статистика басқармасының нөмірлері жазылған. Тұрғындар түсінбеген немесе санаққа байланысты сауалдары болса, жадынамадағы нөмірлерге хабарласа алады.
         – Халық санағына қатысқан әрбір Қазақстан азаматы елдің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және дайындауға ауқымды үлес қосары сөзсіз. Осынау халқымыз барын бағамдайтын  сәтте атқарар қызметтеріңіз сәтті болсын. Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан К. МАХСҰТҚЫЗЫ
29 маусым 2021 ж. 11 871 0