Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық санағының бірінші кезеңі басталды

Халық санағының бірінші кезеңі басталды

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты осыдан бірер жыл бұрын жоспарланған халық санағына байланысты жұмыстар әлі күнге дейін уақытынан кейінге шегеріліп келе жатқаны баршаға мәлім. Әр он жылда зерделенетін санақ ағымдағы жылдың маусым айынан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болды. Негізі, бұл мәселеге қатысты 2021 жылдың наурыз айында аудандық және аудан көлеміндегі қала, кент, ауылдық округтерде Ұлттық халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі комиссия құрылған болатын. Осыған сәйкес осы жылдың сәуір айында Ұлттық халық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Енді, міне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы «Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы» №419 қаулысы аясында Ұлттық халық санағының бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 маусымы мен 30 маусым аралығында өткізілетін болып нақтыланды.
Елдегі демографиялық ахуалдың бүгінін бағамдайтын алғашқы кезеңге аудан бойынша барлығы 23 санақ қызметкері қатысса, олардың 4-еуі нұсқаушылар (уәкілдер), 2-еуі нұсқаушы-бақылаушылар, ал қалған 17 қызметкер интервьюерлер ретінде жұмыс жүргізбек.
Бүгіннен бастап өткізілетін халық санағының бірінші кезеңі бойынша арнайы учаскелер де бар. Сол жерге ауыл халқының жалпы саны арнайы базалық құрылғылар арқылы есепке алынады. Арал қаласындағы аудандық статистика басқармасында және Сексеуіл мен Жақсықылыш кенті әкімі аппаратының ғимараттары қазіргі таңда аудан бойынша нұсқаушы-бақылаушы учаскелері болып белгіленген.

«Толқын» ақпарат
01 маусым 2021 ж. 817 0