Бірінші қыркүйектен бері 89 бала коронавирус жұқтырды
Алматыда бірінші қыркүйектен бері 89 бала коронавирус инфекциясын жұқтырды. Оның барлығы мектепте емес, отбасы ішінде вирусқа шалдыққан. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .
«Бірінші қыркүйектен бастап қалада офлайн оқып жатқан 89 оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырды. Бұл 62 мектепте болған жағдай. Олар оқыған сыныптар карантинге жіберілді. Себебі бір адамнан инфекция табылса, мектеп емес, сынып карантинге жіберіледі. Сабақ онлайн режимде өтеді. Ал олардың 99%-і мектепте емес, отбасы ішінде жақындарынан инфекция жұқтырған», – деді Жандарбек Бекшин.
Ал студенттер арасында 6 науқас, 17 байланыста болған адам анықталды. Олар арнайы дайындалған емханаға жатқызылды. Ауру жеңіл түрде өтті.
Соған байланысты қаланың бас санитар дәрігері ата-аналардан барлық санитарлық талапты сақтауды сұрады.
Айта кетері, Алматыда коронавирус жұқтырғандар арасында 31,2%-і 20-39 жас аралығындағы азаматтар, 24%-і – 40-59 жас аралығындағы азаматтар, 23%-і – 60 және одан жоғары жастағы қарт адамдар.
kyzylorda-news.kz